«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»

maxresdefault Жаңалықтар

Сенбі күні Қазақстан президенттігін сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау барлық телеарналарында көрсетілді.

Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясы Тоқаевты президент ретінде тіркеп, оған тиісті куәлік беруге қаулы шығарды.   Бір қызығы осыдан үш жыл бұрын ұлықтау рәсімінде шетелдік қонақтар болмады.

Тәуелсіздік сарайында өтетін ұлықтау рәсімінде   қайта сайланған Қазақстан  Президенті халық алдында ант қабылдады.    

          «Біз өркениеттің алғы шебіндегі мемлекетке айналу үшін тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналуымыз қажет. Сондай-ақ, тек тұтынушы емес, жаңа дүниені өндіруші ұлт атануымыз керек. Оған халқымыздың әлеуеті, дарыны, қарым-қабілеті жетеді», – дед Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жастардың білім алуына ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.

«Мен біздің жастарымыздың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін. Сол септі, Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзін үнемі айтамын. Шын мәнінде, бәріміз жастарымызды қолдауымыз керек. Өйткені, өскелең ұрпақ қана елімізді жарқын болашаққа бастайды. Бірақ, жастар жетістікке жету үшін көп еңбектенуі керек. Жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтылған жөн. Сонда жастарымыз өз кәсібінің хас шебері атанады. Әрдайым сұранысқа ие болады, қоғамда сыйлы болады. Міне, осылай өмір сүрген адам ешқашан, ештеңеден ұтылмайды», – деді Мемлекет басшысы.

«Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым», – деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің өзіне артқан сенімін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

«Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі. Мен президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!

Еліміз өсіп-өркендей берсін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын! Халқымыз жасасын! Халқымыз әрқашан аман болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын!», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі буынның болашақ ұрпақ алдындағы борышы қандай екені туралы пайымын айтап өтті.

«Тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алынбайтын асу жоқ», – деді біздің Президентіміз.

Мемлекет басшысы Меккеге барған сапарын еске алды.

«Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын деп тілеймін. Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы», – деді Президент.

Ендеше, еліміз аманшылық пен гүлденуіне тілектеспіз.

Руслан ХАМЗА,

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры,

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз