АТЫРАУДА ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ МЕН ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАУ ЦЕХТАРЫ САЛЫНБАҚ

53462643 645197835914886 3248871270246252544 n Жаңалықтар

Atr.kz/6-наурыз, 2019 жыл. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аудан әкімдерімен және коммуналдық қызмет жетекшілерімен селекторлық жиналыс өткізді. Басты тақырып – облыстың санитарлық жағдайы, тұрғындардың коммуналдық қызмет жұмысына қатысты шағымдары.

53506312 645197829248220 2937508492296060928 n

– Мен Telegram чат-каналына түсетін барлық ақпараттарды мұқият қарап отырамын. Атыраудан ғана емес, аудандардан да санитарлық тазалыққа қатысты түсетін шағымдар аз емес.Тұрғындарды қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сұрыптау жағдайы да алаңдатады, – деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі атап өткендей, бұл проблема барлық басшылардың бақылауында болуы тиіс. Бірінші кезекте қаланың, Индер, Құрманғазы, Жылыой аудандарының басшылары осы мәселеге жіте мән берулері керек.

– Бұл өте өзекті проблема. Жасалып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Әрине алдымен адамдардың түсініктерін өзгерту керек. Тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Көшеге тасталған қоқыс қала мен облыстың көркін кетіріп қана қоймайды, эпимедимологиялық жағдайға да әсер етеді.

– Орталық көшелер таза болғанымен шағын көшелер назардан тыс қалып жатыр. «Арнаулы автобаза» ЖШС-н сенімді басқаруға бердік. Жұмыс істеңіздер, қала тазалығы сіздердің міндеттеріңізде, -деді Нұрлан Ноғаев.

53543308 645197832581553 1448179396442587136 n

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан Экологиялық кодекс талабына сәйкес 2019 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтауға тыйым салынатынын атап өтті. Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуден өткізу керек. Қазір облыс бойынша ҚТҚ сұрыптау үлесі 16,7% (республика бойынша 11,5%).

– Қалада көрсеткіш 20%, Жылыой ауданында – 6% болып отыр. Қалған аудандарда бұл жұмыс тіпті жүріп жатқан жоқ. Биыл жергілікті бюджеттен осы жұмыстарды облыс бойынша жүргізу үшін қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Қадыржан Арыстан.

​Проблемалардың бірі – қалдықтарды табиғи қоқыс орнына тасу. Жағдайды тұрғындардың өздері қиындатып отыр, қоқысты кез келген жерге лақтыра салу әлі жойылған жоқ.

– Шара қолдану керек. Жеке сектордағы септіктерді тазалайтын көліктер қалдықтарды кәріздік тазарту қондырғысына жеткізбей, қала аумағындағы құдықтарға құя салатын деректермен қалай күрескеніміз естеріңізде шығар. Тиісті шараларды қолданып, айыппұл салдық, қазір мұндай деректер жоқ. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға фотодәйектер жіберу арқылы тұрғындар көп көмектесті. Демек, әдістер бар, бұл тәжірибені табиғи қоқыс орындарын бұзушыларға қатысты да қолдануға болады, – деп есептейді Нұрлан Ноғаев.

​Жергілікті полиция қызметінің басшысы Әлібек Қайыровтың айтуынша, жыл басынан бері осындай бұзушылықтың 500-ге жуық дерегі анықталған. Кінәлілерге әкімшілік айыппұл салынды. Бұзушы заңға қайшы әрекеті үшін 51 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді.

– Өңірімізді қоқыс пен ластықтан тазалау – бәрімізге ортақ жұмыс. Әрбір басшы осы жұмысты бақылауда ұстап отыруы керек. Қоқыс полигонын, сұрыптау цехтарын салу жоспарда бар, бірақ бұл жобалар жүзеге асқанға дейін қол қусырып қарап отырмауымыз керек. Аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы барлық жауапты тұлғалардың үнемі бақылауларында болуы тиіс, – деді жиналысты қорытындылаған аймақ басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз