АТЫРАУДА ӨҢДЕЛГЕН ШИКІЗАТ
Бұл үрдісте өнеркәсіп өндірісімен қатар, агросектордың, соның ішінде өңдеуші саланың да үлес салмағының болары, өзіндік орнын алары анық. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қабылданған «Агробизнес – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекет бюджетінен 1093,6 млн. теңге қаржы бөлінген. Мұның сыртында, 26 агроөнеркәсіп кешені субъектісін инвестициялық субсидиямен қамтамасыз ету қарастырылған. Осындай, мемлекет тарапынан жеңілдік жасалып, қолдау көрсетілетін жобалардың қатарында таяуда ғана Атырауда ашылып, жұмыс жасай бастаған, түйе мен қой жүнін өңдейтін тоқыма фабрикасын (құны 2,4 млрд.теңгені құрайды) атауға болар еді.
Аталған жоба құрылтайшыларының бірі «Caspy Lana Atyray» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, Атырауда мұндай кәсіпорын құру туралы идеяның туындағанына біраз уақыт өткен. Өйткені, ауылда тұрып, негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатын ағайынның басты проблемаларының бірі де осы, өздері өсірген түліктің жүнін ит-құсқа жем қылып, далаға тастамай бір керекке жаратып, пайда асыру болатын. Тау төбе үйіліп жататындықтан, осыншалықты бағалы дүниені еш аямастан өртеп жіберетін.
Енді, міне, заманауи нысанның салынуына байланысты бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып, түйіні тарқатылғандай. Білгеніміздей, жобаның бірінші кезеңі – түйе мен қой жүнін бастапқы өңдеу жұмыстары сәтті де табысты орындалысын тапқан. Нәтижесінде, күні бүгінде 30 тонна түбіт, яғни дайын өнім фабрика қоймасында сақтаулы. Көп кешікпей, түйе жүнінен тоқылған экологиялық тұрғыдан таза, жылы жамылғы түрлерінің сынақ түріндегі партиясын шығару мүмкіндігі де тумақ. Қазіргі мезгілде жаңа өндіріс орнында 50 адам еңбек етуде. Атқарылатын жұмыс ауқымы мен күрделілігіне қарай таяу болашақта олардың саны екі есеге дейін көбейеді деп күтілуде.
Және бір мәлім болғаны, серіктестік басшылығы алдымен Атырауда өңделген таза жүнді, сонсоң жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті дайын өнімді сатып-өткізу жолдарын да қарастырған. Осылайша, бұл істе бай тәжірибесі бар итальяндық серіктестерімен алдын-ала келісім жасап та қойған. Өзіміз де куәсі болғанымыздай, былтырғы жылдың желтоқсан айында Атырауға келген сапарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осынау теңдесі жоқ жаңалықты көзімен көріп, лайықты бағасын берген-ді. Ал, жылдың соңында кәсіпорын басшылығы тарапынан бұл жобаны мемлекеттік инвестициялық субсидиялау жөнінде өтінім әзірленген. Бұйыртса, ол да оң шешімін табады деген үміт те жоқ емес.
Сөзін осылай сабақтаған құрылтайшы компанияның басшысы Әлімжан Қапанұлы әзірде елімізде дәл осындай, озық технологиялармен жабдықталып, жарақтандырылған, толық циклды фабриканың Атыраудан өзге жерде жоқтығына айрықша назар аударды. Сайып келгенде, бұның өзі Мемлекет басшысының облысымыздың әкімімен бірге Моң-ғолия елінде ұйымдастырылған, мал жүнінен тоқылған бұйымдардың халықаралық көрме-жәрмеңкесінде көтерген, қала берді Ұлт жоспарында көзделген, мұнайлы өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі игі бастамасының жүзеге асырыла бастағандығының айқын айғағы болса керек.
Ең бір ерекше қуанышты жайт, көп кешікпей-ақ Атыраудың түйежүн жамылғысы шетелге шығарылып, Қазақстанда жасалған тағы бір отандық өнімнің аты айдай әлемге танылады.
Дәулетқали АРУЕВ.