
Атырауда не болып жатыр?
Облыс орталығындағы «Исатай-Махамбет» алаңында төтенше жағдайлар қызметі техникаларының көрмесі өтіп жатыр. 1 наурыз – Азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылған көрмеде заманауи өрт сөндіру машиналары, құтқару жабдықтары және төтенше жағдайларда қолданылатын арнайы техникалар халық назарына ұсынылды. Мұндай іс-шаралар азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін арттырып, төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

– Бұл іс-шара тек біздің өңірде ғана емес, республика бойынша ұйымдастырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – қауіпсіздік мәдениетін арттыру, халықты азаматтық қорғаныс пен техника қауіпсіздігі ережелеріне үйрету.
Көрмеде төтенше жағдайларды жоюға арналған түрлі техникалар таныстырылады. Мұнда өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты және басқа да арнайы жабдықтар қойылған. Қазіргі уақытта алаңға колледж студенттері, білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ мектеп парламенттері жиналуда. Әр мектепте төтенше жағдайлар министрі тағайындалған, олар өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады. Қазір алаңда бірнеше техника бірлігі ұсынылған. Сонымен қатар, судағы құтқару қызметі де іс-шараға қатысып жатыр, — деді Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ардақ Өтенов.

Сондай-ақ іс-шара балалар мен жасөспірімдерді жедел қызметтердің жұмысымен таныстыруға бағытталған. Көшеде өтіп бара жатқан тұрғындар да гарнизондағы техникаларды көріп, қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттер автордікі