Ұялы байланыс пен ғаламтор бағасы арзандамақ

telefon22111 Жаңалықтар

Елімізде жаңа жылдан бастап мобильді байланыс пен интернет бағасы төмендейді. Ұялы байланыс операторлары қызмет құнын 50 пайызға дейін түсіруді жоспарлап отыр.

telefon22111

Бұл туралы ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов мәлімдеді.

– «Қазақтелеком» келесі жылдан бастап жаңа тарифтік жоспар енгізбекші. Абоненттік төлемі – 3499 теңге, бұған дейінгі тарифтен 5 пайызға төмен. Оған 10 мегабит интернет, тегін телефон байланысы, Қазақстан бойынша және «Алтел» мен «Tele2» нөмірлеріне лимитсіз қоңырау шалу кіреді, — деді ол.

Сондай-ақ, «KazTransCom» компаниясы да абоненттерді қосу қызметінің құнын жартылай төмендетіп, абоненттік төлемге 10% жеңілдік жасайды. Бұған қоса, интернет үшін абоненттік төлемді 15 процентке арзандатады. Ал, «Транстелеком» компаниясы Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін қызмет құнын 5%-ке төмендетуді ұсынған. Ауылды жерлерде байланыс құны 529 теңгеге жуықтаса, қала тұрғындары үшін 797 теңге.

«Кар-Тел» компаниясы (Beeline) «Әлеуметтік», «Әлеуметтік плюс» және мұғалімдерге арналған тарифтік жоспарлардың жаңа түрлерін ұсынған. Егер бұған дейін ол 1300 теңге тұрса, қазір 590 теңгені құрайды.Kcell де «Комфорт XS плюс» тарифтік жоспарын енгізеді. Қазір құны 2590 теңге болса, енді ол 1390 теңгеге дейін төмендейді. Әзірге тек «Мобайл Телеком-Сервис» («Алтел» мен «Tele2») компаниясынан ғана ұсыныс түспеген.

Ал, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгінде ұялы байланыс абоненттерінің 70%-і тіркелгенін атап өтті. «Қазір бізде 26 миллион қолданушы болса, халық саны 18 миллион, яғни бір адамға 3-4 телефон, сим-картадан келеді» деді ол. Сондай-ақ, көліктердің сигнализациясы тіркелмейтін құрылғыларға (2-3%-ға жуық) жатады.

Мәжіліс депутаты Михаил Чирков сим-картасын тіркеп үлгермеген қазақстандықтар жаңа жылда байланыссыз қалуы мүмкін екенін айтып отыр. Ол келер жылдан бастап ұялы байланыс қолданушыларының абоненттік құрылғыларын міндетті тіркеу ережесі күшіне енетінін еске салды.

– Жарияланған деректерге сүйенсек, 26 миллионның тек 14 миллионы ғана тіркеуден өткен. Бұл желтоқсан айының басындағы деректер. Осы орайда, бірнеше миллион қазақстандық жаңа жыл түні және содан кейін бір-бірін құттықтай алмай қалады деген қауіп бар, – дейді ол.

Аман ШАМАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз