Атырауда не болып жатыр?
Атырау облысында көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде басталған «Көктем-2025» оқу-жаттығуы аясында өңірдегі азаматтық қорғау қызметтері мен төтенше жағдайлар бөлімшелері табиғи апатқа қарсы дайындықтарын пысықтады.
Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтерінің көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жоюға дайындығы тексерілді. Оқу-жаттығудың бас штабы Атырау қаласында орналасты, ал басшылық ету міндетін ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Қайрат Тұрсынбаев атқарды. Бұл іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің хабарлауынша, оқу-жаттығудың бірінші күні құтқару топтарының дайындығы пысықталды, сондай-ақ құлақтандыру жүйесінің жұмысы тексерілді. Мамандар елді мекендерден қар шығару, су арналарын тазалау, жол инфрақұрылымын дайындау жұмыстарын да қолға алды.
Практикалық іс-шаралар барысында су басуға бейім аумақтар анықталып, жергілікті құтқару бөлімшелерінің төтенше жағдайға әрекет ету дайындығы сыналды. Бесікті ауылы маңындағы Аспа елді мекенінде құтқару операциясы ұйымдастырылып, тұрғындарды эвакуациялау және мұз астына түсіп кеткен көліктерден адамдарды құтқару жаттығулары өткізілді.
«Қазавиақұтқару» АҚ авиациясы мен арнайы техникасы жұмылдырылған бұл жаттығулар шынайы төтенше жағдайларға барынша жақындатылған. Құтқарылған тұрғындар үшін уақытша орналастыру пункттері әзірленіп, тамақтану, медициналық көмек көрсету және жайлы тұру жағдайлары қамтамасыз етілді.
Атырау облысында өткен оқу-жаттығуға 215 қызметкер мен 38 техника бірлігі тартылды. Құтқарушылар жергілікті билікпен бірлесіп, төтенше жағдай кезінде қызметтердің өзара әрекеттестігін жетілдіруге басымдық берді.
Оқу-жаттығудың соңғы кезеңінде су тасқыны қаупі төнген жағдайда шұғыл әрекет ету алгоритмі пысықталып, қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру шаралары жүзеге асырылды.
«Көктем-2025» оқу-жаттығуы көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтуге және табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай шаралар азаматтық қорғау күштерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, төтенше жағдай туындаған сәтте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ