Атырауда мұқтаж жандарға арналған әлеуметтік қор ашылды
Atr.kz/14 маусым, 2019 жыл. Атыраулық кәсіпкер көмекке мұқтаж жандарға арналған әлеуметтік қор ашты. Онда бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пен киім-кешектер қойылған.
Игілікті идеяның иесі – Ақылбек Мұқанов есімді іскер азамат. Ол өзінің ұзақ уақыт қажетті қаражат көзін таба алмағанын айтады.
– Менің жақындарым мен жанашыр достарым қол ұшын созып, қаржы жинап берді, – дейді ол. – Сөйтіп, «Игі іске бастама» қоғамдық бірлесітігін аштым. Мақсат ортақ – жағдайы төмен жандарға көмектесу. Қазір бұл қордың құрамына он адам тіркелген. Бүгінде бағасы қолжетімді орынжай тауып, алғашқы айларға жалдау құнын төлеп те қойдық. Ол Атырау қаласындағы «Үш жүз» сауда орталығында ( 2-қабат 51-бутик) орналасқан.
Сол жерде сағат 10-17:00 аралығында жомарт адамдардан киім-кешек пен азық-түлік өнімдерін қабылдап, оны тұрмысы төмендерге таратамыз. Ондай адамдардың тізімін «Атырау Рауан» қайырымдылық қорынан аламыз. Олармен байланысқа шығып, осында шақырамыз. Бұдан бөлек, аяқтай келгендерге көмегімізді аямаймыз. Дүйсенбі мен сейсенбі – демалыс күндері болып саналады. Көмек алу үшін жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері, мүгедектік болса, оны растайтын құжаттар және тұрғылықты мекен-жай анықтамасы қажет.
Бүгінде бірлестік екі бағытта көмек көрсетеді. Бірі – ересектер мен балалар киімін және маңызды тағам өнімдерін беру. Алайда, көп адам қаржылық көмекке зәру екен. Сондай-ақ, пәтердің жалдау құнын төлеп беруді сұрайтындар да баршылық. Сол сияқты, квота қарастырылмаған дәрі-дәрмек пен емге қаражат іздейтіндер тағы бар. Мұның бәріне бірдей көмек жете бермейді. Аталған бірлестік үшін арнайы шот та ашылған. Болашақта дербес жұмыс істеу үшін білім алып, мемлекеттік грант алу жоспарда бар.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Менде жалғызбасты анасын бір балам бар.