Атырауда мұқтаж отбасыға баспана тарту етілді
Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Әуелі ол атырау қаласындағы геолог кентінде болып, мұқтаж отбасыға жаңа баспана тарту етті.
– Сайлау алды үгіт — насихат жұмыстары кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасының бірі баспанаға аса мұқтаж екенін айтып, көмек сұраған еді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үгіт-насихат кезінде бұл жанұяға қол ұшын бере алмадым. Бүгін тұрғынның осы өтінішін іске асыратын сәт келіп тұр. Жалпы біздің отбасымызда мұқтаж жандарға демеушілік таныту, игі іс жасау дәстүрге айналған, — деді Әділ Орынбасарұлы.
Халық қалаулысы үй иелеріне жаңа баспананың кілті мен құжатын тарту етті. «Құтты қоныс болсын» деп ақжарма тілегін білдірді. Мұндай ерекше сыйлыққа кенеліп қуанған отбасы мен туыстары тәттіден шашу шашты. Жаңа қоныстың ішін аралап көрді. Бәрі мұнтаздай таптаза. Кең әрі жап-жарық. Ауласына төсеме тас та төселген. «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» демекші, жомарт жан үйдің барлық бөлмесін қажетті жаңа жиһаздармен жабдықтап беріпті. Тағдырдың теперішін көрген отбасы мүшелері қуаныштан көзіне жас алып, Әділ Орынбасарұлына айрықша алғысын білдірді.
– Анам 16 жыл бұрын сырқаттанып, арбаға таңылды. Содан бері қалада пәтер жалдап жүрміз. Баспана кезегінде мемлекеттік тізімде тұрғанымызбен, әзірге үміт жоқ. Бір ай бұрын Әділ Орынбасарұлының Whats Аpp әлеуметтік желісіне жағдайымызды айтып, хабарлама жазған едік. Өтінішімізді аяқсыз қалдырмаған азамат бүгін бізге зәулім баспананы сыйға тартып жатыр. Анамның, отбасымның атынан ерекше алғыс білдіремін, — деді Асланбек Марпешов.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ