Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында балық аулаудан турнир өтті
«Біз де адамбыз» ҚҚ «Еділ-Жайық» демалыс базасында мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында балық аулаудан турнир ұйымдастырды. Қоғамдық қор жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева бұл да әлеуметтік реабилитацияның қызықты форматы екенін айтады.
— “Біз де адамбыз” қорының басты қағидаттарының бірі — мүмкіндігі шектеулі жандар туралы стереотипті жою, олардың қоғамның тең мүшесі екендігін жеткізу. Ал, бүгінгі шара ерекше жандардың қоғамның бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — қоғамға бейімделуге ықпал ету. Қатысушылардың осы турнирге келуінің өзі — үлкен жетістік. Бұл дегеніміз олардың қоғамнан тыс өмір сүрмейтінінің белгісі, — деген Гүлназ Мақсотқызы балық аулап бақ сынайтындарға сәттілік тіледі.
Табиғат аясындағы турнирге 30-ға жуық адам қатысып, позитивті көңіл-күймен бір серпіліп қалды. Сонымен, балық аулау сайысының нәтижесі бойынша I орын — «Үздік балықшылар» атағын Есенжан Мақсотов пен Саламат Далбаев жеңіп алды. Ал, II орын — «Шебер балықшы» атағына Есболат Балбаев ие болса, III орын — «Жолы болғыш балықшы» атағы Ильяс Үсенғалиевке бұйырды.
Жеңімпаздар естелік сыйлық пен қаржылай сыйақымен марапатталды.
Таза ауада демалып, бойлары сергіп қалған ерекше жандар ұйымдастырушыларға риза болып, «мұндай белсенділікті арттыратын шаралар жалғасын тапсын» деген тілектерін білдірді.
Майра Оразғалиева