Атырауда муай-тайдан ел біріншілігі өтті (+ФОТО)
Atr.kz/14 шілде, 2019 жыл. Бүгін «Атырау» спорт кешенінде Муай-Тайдан балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты мәреге жетті.
Төрт күн бойы еліміздің барлық өңірлерінен 200-ге жуық жас спортшы өзара мықтыны анықтады. Сайыстың ашылуында сөз алған Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұржауған Төлеуова қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Муай-Тай спортынан ел чемпионаттарын өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Себебі қазіргі таңда жергілікті спортшылар еліміз бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізіп, көк туымызды биікке көтеріп келеді. Бұндай сайыстар балалардың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз, — дейді бөлім басшысы.
Шара соңында түрлі салмақта топ жарғандар тиісті медальдармен марапатталды. Айта кету керек, жақын арада Тайланд елінде өтетін әлем чемпионатында үш бірдей спортшымыз ел намысын қорғайды. Одан бөлек жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен фестивальда Атырау облысының спортшысы Еламан Саясатов кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы белдігін жеңіп алған болатын.