
Атырауда мемлекеттік сатып алу көлемі артты
Биыл алғашқы жартыжылдықта облыста мемлекеттік сатып алуға 130 миллиард теңгедеден астам қаржы жұмсалып, 2000-нан астам рәсім тіркелген. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе артық. Ол жайында Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Талғат Мақсұтов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.
– Мемлекеттік сатып алу саласы – бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Жаңа заң осы саланы ашық, әділ және тиімді етуге бағытталған. Қабылданған өзгерістер нәтижесінде рәсімдер қысқарып, бәсекелестік күшейді, шағын және орта бизнеске қолдау артты, – деді спикер.
Биылдан бастап қолданысқа енгізілген рейтингтік-балдық жүйе нәтижесінде конкурстық рәсімдер автоматты түрде, жеке тұлғаның қатысуынсыз жүзеге асуда. Жеткізушінің қаржылық тұрақтылығы мен жұмыс тәжірибесіне қарай жүйе автоматты түрде жеңімпазды анықтайды.
Мысалы өткен жылы облыстағы сатып алу ға бағытталған бір рәсім 15 жұмыс күнінде өткізілсе, биыл бұл көрсеткіш 5 күнге дейін қысқарған.
Сонымен қатар ауыл әкімдіктерінің сатып алу мүмкіндігі де кеңейтілді. Бір көзден алу тәсілімен 4 мың АЕК-ке дейінгі тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді тікелей сатып алу құқығы берілді. Соның нәтижесінде ауылдық округтерде 6 айда 15,9 млрд теңгеге 2300-ге жуық рәсім жүргізілген.
Айта кетейік, жаңа заң аясында жеткізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында аванстық төлем 50%-ға дейін көтеріліп, тауарды жеткізу мерзімі 60 күнге дейін ұзартылды. Ал төлем жүргізу уақыты 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.