Атырауда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне жаңа басшы тағайындалды
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Атырау облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке Ерлан Жаңабаев келді. Ол Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі аппарат басшысының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілді.
Ерлан Жаңабаев – Атырау облысы, Махамбет ауданының тумасы. Ол 1983 жылы дүниеге келген. Атырау мұнай және газ институтын экономика мамандығы бойынша тәмамдап, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясында Цифрлық мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2006 жылы Атырау облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасында спорт бөлімінің бас маманы болып бастаған. Әр жылдары Атырау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бас маманнан басқарма бастығының орынбасары, Махамбет ауданының әкімі, Қызылорда облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында басшының орынбасары, кейін басқарма басшысы қызметін атқарды.
2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Атырау департаментінде басшының орынбасары болды.
Ерлан Мақсотұлы мемлекеттік басқару саласында осындай мол тәжірибесімен және жауапты қызметтерімен таныла білді. Отбасылы.