Бірлік пен ізгіліктің мерекесі

Бірлік пен ізгіліктің мерекесі Жаңалықтар

Қыркүйек айының 12-ші жұлдызында күллі мұсылман қауымы асыға күткен, мәртебесі биік мереке – Құрбан айт мейрамы басталды. Әлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Яғни, құрбандық  шалу секілді ізгі амалы арқылы Аллаға жақындай түседі. 

%d0%b1%d1%96%d1%80%d0%bb%d1%96%d0%ba-%d0%bf%d0%b5%d0%bd-%d1%96%d0%b7%d0%b3%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%96

Құрбан айт намазына жиналған жамағат таңмен тұрып, Атыраудың орталық «Иманғали» мешітіне қарай ағылды. Мешіт ғимаратының іші де, ауласы да құлшылық етуге жиналған көпшілік қауымға толды. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, «қабыл болсын» айтып достық пен ағайындықты нығайта түсіп жатқандай.

Жергілікті мұсылман бауырларды қасиетті Құрбан айт мерекесімен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев құттықтап, барша жамағатқа амандық-саулық, ынтымақ-бірлік пен береке, имандылық пен қайырымдылық тіледі. Мешітте Айт намазы оқылып болған соң орталық мешіт дін өкілдерінің ұйымдастыруымен үш жүздей аз қамтылған отбасы мүшелеріне құрбандыққа шалынған мал еті таратылды.

Мешіттің бас имамы Батыржан Мансұровтың айтуынша, қаладағы әлеуметтік әлсіз топтардың әр отбасы бес келіден құрбандыққа шалынған мал етін алып, қайырымдылық пен ізгілік, татулық пен кешірім мерекесінде бір-біріне «Алла тағаланың рахымы жаусын» деген ниеттерін білдірді.

%d0%b1%d1%96%d1%80%d0%bb%d1%96%d0%ba-%d0%bf%d0%b5%d0%bd-%d1%96%d0%b7%d0%b3%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%96-2

Айт мерекесі кезінде мешіт ауласында жиналған жұртшылық спорттық сайыстарды – асық ату, арқан тарту, білек күшін сынасу, кір тасын көтеру, балуандар белдесулерін тамашалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер  арнайы  сыйлықтармен марапатталды. Қазақша күрес жеңімпазы байраққа қой малын иеленді. Кішкентай бүлдіршіндерге қайырымды жандар балмұздақ пен ойыншықтар тарту етті.

Құрбан айт күнгі шараларды тамашалауға келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл мейрамның ізгілік пен тазалыққа шақыратын ерекше мереке екенін атап өтті.

– Құрбан айтта халық Оразада тілеген тілектері мен ниетінің қабыл болуын сұрайды. Халқымыз елдің бірлігі үшін, отбасыларының амандығы үшін ниет етіп құрбандық шалып жатыр. Бұл мереке ізгілік пен шуақтың ерекше төгілетін кезеңі. Ниетіміз қабыл болсын, тілектеріміз орындалсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық болсын. Құдайдың шапағаты нұр болып жауа берсін, деді Нұрлан Асқарұлы.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, еліміздің тату-тәтті ғұмыр кешіп отыруының себебі бірлікте екенін айтты.

– Құрбан айт мерекесіне еліміз тыныштық, тұрақтылық жағдайында жетіп отыр. Елбасымыздың жасампаз саясатының арқасында халқымыз ешкімнің ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай тату-тәтті тіршілік кешуде. Еліміздің руханият әлемінде айтатын сөзі, өз орны бар. Мемлекет басшысы үнемі дін өкілдерінің басын қосып, әлемдегі түйткілді мәселелерді шешуге зор үлес қосып отыр. Қазақстан бүгінде  тұрақтылық пен жасампаздықтың  ерекше үлгісін көрсетуде, – деді әкім.

Бақытжан ЖҰМАТ

 Суреттерді  түсірген:

Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз