Атырауда медицина қызметкерлері үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Атырау облысында медицина саласындағы басты проблемалардың бірі — кадр мәселесі. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізуде. Мысалы, биылдан бастап Атырау облысына жұмысқа келетін медицина мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бағдарламасы жұмыс істейді. Осы мақсатта медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасу кезінде біржолғы материалдық көмектің мөлшері ұлғайтылды: қалада – 3 млн.теңгеге дейін, ауылдық жерлерде – 5 млн. теңгеге дейін. Бұдан басқа, Атырауда ғана жүзеге асырылатын арнайы бағдарлама бойынша дәрігерлер «Отбасы Банк» АҚ жергілікті филиалы арқылы кепілсіз және жылдық 5%-бен тұрғын үй сатып алуға қатыса алады.
Әлеуметтік қолдау шараларынан бөлек дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінеді. Ол үшін Атырауға алыс және жақын шет елдерден, сондай-ақ озық технологиялар қолданылатын республикалық клиникалардан жергілікті кадрларды оқыту үшін мамандар шақырылады. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін 2023 жылға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мыңнан астам атыраулық маманды үздік шетелдік клиникалар базасында оқыту жоспарланған.
Денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесін қамтамасыз ету үшін Атырау облысының денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі бес жылдық тұжырымдамасын әзірлеу басталды. Тұжырымдама денсаулық сақтау саласындағы нысаналы индикаторларды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар тапшылығын төмендетуге және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ медициналық көмектің сапасын жақсартып, көлемін кеңейтуге бағытталған.