
Атырауда медицина қызметкерлері күніне орай велошеру өтті
Бүгін Атырау қаласында Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойымен 200-ге жуық велосипедші қатысқан веломарафон шеруі өтті. Бұл іс-шара медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып, қоғамға маңызды бір ой салуды мақсат етті. Денсаулық – тек кәсіп қана емес, ол әр адамның саналы таңдауы.

Велошеруге дәрігерлермен қатар спорт саласының өкілдері де қатысты. Байдарка мен каноэде есумен айналысатын жас спортшылар да қашықтықты абыроймен еңсерді.
Марафон бағыты Әбілқайыр хан мен Сұлтан Бейбарыс даңғылдарының қиылысындағы жанармай бекетінен бастап, облыстық инфекциялық ауруханаға дейін жалғасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық акция жарыс емес – мұнда жылдамдық немесе жеңіс емес, бастысы – қозғалыс арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.

— Бұл шеру медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылды. Біздің басты мақсатымыз – денсаулықты сақтау күрделі емес, ең қарапайым әрекеттерден басталатынын. Қуантарлығы – бізге тек дәрігерлер ғана емес, басқа сала өкілдері де қосылды, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Веломарафонға қатысқан спорт саласының өкілі Маргарита Ромазанова да өз әсерімен бөлісті:
— Мұндай шараларға жиі қатыса бермеймін, бірақ бұл велошеру менің есімде ұзақ сақталатыны анық. Барлығы өте шынайы, жақсы ұйымдастырылған. Болашақта мұндай акцияларға жиірек қатысуға тырысамын, — деді ол.

Марафон соңында қатысушылар үшін жағымды тосынсый ұйымдастырылды — спорттық дүкенге арналған 20 сертификат лотерея форматында ойнатылды.
Ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Себебі салауатты өмір салтын насихаттау – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі болып қала бермек.









Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ