
Атырауда «LOTUS FEST — 2025» халықаралық фестивалі өтеді
Биылғы жылдың ең ірі мәдени шаралардың бірі – «LOTUS FEST — 2025» халықаралық фестивалі. Бұл жоба – өңіріміздің мәдени және туристік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Лотос гүлі – ежелден киелі саналған, табиғаттың ерекше сыйы. Ол сұлулығымен ғана емес, сирек кездесетін тіршілік ортасымен де туристерді қызықтырады. Әлемде лотос гүлдейтін аумақтар көп емес. Сондықтан, лотосты Атыраудың туризм бренді етуіміз қажет.
Құрманғазы ауданындағы лотос алқабының көлемі шамамен 8-10 гектарды құрайды. Сабағының ұзынды 1,5-2 метрге дейін жетеді. Кейбір гүлдердің жапырағының диаметрі 60 см –ге дейін барады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылы Қиғаш өзені сағасында өсетін бұл лотос гүлі жайлы көпшілік біле бермейтін. Ақпарат айдынының арқасында бүгінде жолдың қашықтығына қарамастан лотос гүлін тамашалауға арнайы баратын туристер, атыраулықтар көп.
Халықаралық фестивальдің нәтижесінде лотос гүлі танымалдыққа ие болып, туристер саны артады деген үміт бар.
Халықаралық «LOTUS FEST — 2025» фестивалі 26 шілде күні Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылында өтеді деп жоспарлануда.
Осы шілде айы лотос гүлдеп, ерекше табиғи көрініс қалыптасатын кезең. Сол себепті 26 шілде де ұйымдастырылады.
Биылғы фестиваль өзінің ауқымымен және мазмұнымен ерекшеленеді.
Фестиваль аясында:
- Ұлттық спорттың 6 түрінен жарыстар өтеді. Олар: алыптар сайысы, қазақ күресі, садақ ату, қол күресі, асық ату, арқан тарту. Жеңімпаздар анықталып, сыйлық ұсынылады.
- Энтоауыл, шеберлер қалашығы мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
- Концерттік бағдарлама дайындалады.
Қатысушылар үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы арнайы шақырылып, өнер көрсететін болады.
Қайықпен серуен де ұйымдастырылады. Арнайы алдын ала дайындықтан өткен қайықпен су бетінде жүзіп, лотос гүлдерінің әсемдігін тамашалауға мүмкіндік ұсынамыз. Бұл көрініс әрбір келуші үшін ұмытылмас әсер сыйлайды.
Фестивальдің басты ерекшелегі – табиғат пен мәдениетті ұштастыра отырып, өңірдің экотуризмін дамыту.
Фестивальдің пайдасы қандай десек?!
«LOTUS FEST — 2025» фестивалі Құрманғазы ауданын, соның ішінде Теңіз ауылын ішкі және сыртқы туристер үшін жаңа деңгейде таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл:
- Кәсіпкерліктің дамуына жол ашады.
- Жергілікті халықтың табысын арттырады.
- Жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын оятады.
Фестивальге 5000-ға жуық адам қатысады деп күтілуде.
©️Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен