Атырауда күрес фестивалі өтті (+ФОТО)
Өткен аптада «Атырау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, профессор Алпысбай Аралбаевтың 60 жас мерейтойына арналған Батыс аймақтық жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында күрес фестивалі болып өтті. Дзюдо, самбо, еркін және қазақ күрестерінен өткізілген жарысқа Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облысының спортшылары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов сөз алып, бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаратын мерейгердің өңір спортына, соның ішінде самбоның дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін айрықша атап өтті. Алпысбай Сейітқалиұлының сонау Кеңес дәуірінде боз кілемде жасындай жарқылдап, талай додаларда жеңіс тұғырында атойлағанын айшықтады. Күрес өнерінде ерекше ептілік көрсеткен ол «КСРО спорт шебері» атанып, бертін келе талай бозбаланы боз кілем шеберлігіне баулығанын баяндады. Екі Әлем чемпионы, бірнеше Азия чемпиондарын тәрбиелеп елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы атанғандығын мақтаныш етті. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов өз құттықтауынан соң қадірлі ұстазға «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Құттықтаулар легі толастаған соң кешенге жайылған үш күрес алаңында тартысқа толы белдесулер өткізіліп, жарыс қорытындысында самбо күресінен Мерей Сәду (Атырау қаласы), дзюдодан Айбек Абдилов (Индер ауданы), еркін күрестен Нариман Кенғалиұлы (Атырау қаласы) жеңімпаз атанды. Ал қазақ күресі бойынша өткізілген «түйе балуан» сайысында индерлік палуан Майдан Мақтановтың мерейі үстем болды. Ол ақтық сында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Арсен Садуовтен айласын асырды. Жеңімпазға облыстық қазақ күрес федерациясының арнайы белдігі табысталды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ