Атырауда күніне 3 мың текше метр қар шығарылып отыр
Өңірде қар тазалау және жиналған қарды шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін синоптиктер болжағандай, ұлпа қар жауып, қаланы қардан тазарту жұмыстары күшейтілген режимде атқарылып жатыр.
«Арнаулыавтобаза» мекемесінің басшысы Алмас Ізтілеуовтің айтуынша, қар жауғалы қар тазарту жұмыстарына 100 ден астам арнайы техника, 300-ге жуық қызметкер жұмылдырылған. Оның сөзінше, жауған қар өткен аптадағыдай емес, қалың жаумаған көрінеді.
Бүгін таңғы сағат 4:00-ден басталған қар тазарту жұмыстарына 10 техника жұмылдырылып, екі қайтара тазалау жұмыстары жасалған. Қала бойынша 4-16 ақпан аралығында 35 мыңнан астам текше метр қар шығарылып, 280 тоннадан астам тұз аралас құм реагент себілген. Әсіресе, қаладағы көпірлерге реагенттің уақытылы төселіп жатқандығын білдік. Қаладағы ірі компаниялар да техникалармен көмектесіп жатыр.
– Осы уақытта жергілікті тұрғындардың түсіністік танытуларын сұраймыз. Қарды лезде жинап алуға уақыттың да қажет екендігі белгілі. Өзіміз де кешіктірмей, қарды тазалауға жұмыстанып жатырмыз. Себебі, қар ерісе қаланы су алуы мүмкін. Соған байланысты барлық күшімізді жұмсап, қосымша техникаларды жалға алып жатырмыз. Күніне 3 мың текше метр қар шығарылып отыр. Мекеме қызметкерлері жұмыстың көптігінен тәулік бойына екі ауысыммен жұмыс істеп келеді. Олардың жұмысын бригадирлер бақылап отырады. Бүгін Сарықамыс, Геолог, Жұлдыз, Көктем шағынаудандары мен кейбір қала көшелері тазартылып, жұмыстар жалғасын тауып жатыр, — деді А.Ізтілеуов.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ