Сенатор ардагерлермен жүздесті

img 20220222 wa0051 Жаңалықтар

      Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында бір топ атыраулық ардагермен кездесті. Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ашып, жүргізді. 

      Алғашқы сөзді құрметті қонақ алып, жиналғандарды депутат ретінде атқарған жұмыстарымен таныстырды. Қашаннан қартын сыйлаған қазыналы елімізде «Ардагерлер туралы» заң қабылданғанын, оның соғыс және еңбек ардагерлерінің мүддесін қорғайтынын, Атырау облысының республика бойынша донор облыс екенін, соған қарамастан аймақта әлі де шешімін күткен мәселелердің жоқ еместігін тілге тиек ете сөйледі. Сенатор Атыраудағы су, газ, жол проблемасына ерекше тоқталды. 

      – Жоғары жалақылы депутаттар жылы кабинеттерде отыр. Халықтың жағдайын қайдан ойласын?! – деуі де мүмкін қайсыбір адам. Жоқ, олай емес. Біз елдің аманатын арқалағанымызды ешқашан есімізден шығармаймыз. Қазір де өздеріңізді тыңдасақ, шешімін таппай жатқан жайттарды естісек деп келдік. Айтыңыздар, қағазға түсіріп беріңіздер, ардагерлер, ал, біз сіздерді толғандырып жүрген мәселелерді барынша шешуге тырысамыз, – деді өз сөзінде сенатор Ғұмар Ислямұлы. Өз кезектерінде ардагерлер – Жәукен Көшенов, Бисен Қуанов, Кеңес Қосыбаев, Қосыбек Ырзағалиев, Әжіғали Әлимақановтар толғақты мәселелерімен бөлісті. 

      Сенатормен жүздесудің соңына қарай ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы жақында өзінің 85 жасын атаған білім беру саласының ардагері Қадыр Жүсіпті «Атырау облысының ардақты ардагері» деген алтын белгімен марапаттап, ең ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, төраға осындай белгіні құрметті қонақ, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың да өңіріне тағып жатып: «Бүгінгі кездесуден естелік болсын!» деді. 

   Лиза СЕЙТІМОВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз