Атырауда коворкинг орталығы ашылды (+ФОТО)
Бұл жерде бұрын ресторан мен паб жұмыс істеген.
Ресми мәлімет бойынша, Атырау облысында карантин кезіндегі шектеулер салдарынан 20 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны зардап шеккен. Олардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар бойынша ашылған және шығындалып отырғанына қарамастан екінші деңгейдегі банктерге несие төлеп отыр. Мұндай кезеңде бизнесті жандандырудың бір әдісі – уақыт талабына бейімделіп, табыс әкелетін тың идеяларды жандандыру болмақ.
Осы орайда, Атырау қаласында коверкинг орталығы ашылды. Түсіндіру үшін айта кетсек, «co-working» ұғымы тұтынушының уақытша немесе тұрақты жұмыс істеуі үшін қолайлы орын ұсынуды білдіреді. Әсіресе, тұрғындардың басым бөлігі үйінен (фриланс) жұмыс істеп отырған пандемия кезінде орталық қызметіне сұраныс өсіп тұр.
Коворкинг орталығы «Белуга» қонақ үйінің екі қабатынан жасақталған.
- «Біз кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын әрдайым қолдап отырамыз. Қазіргі күні кейбір бизнес түрлері жабылып, ғимараттарды, ресторандарды жалға алушылар саны азайған кезде оны осындай жолмен тиімді пайдалануға болады» дейді облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Айбар Жаниязов.
Коверкингте барлық санитарлық талаптар сақталады, бетперде киіп, ара қашықтықты сақтау талап етіледі.
Алия ЖАМИТОВА