«АТЫРАУ ЭТНОСТАРЫ» ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Былтыр елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының  20 жылдығы кеңінен атап өтілді. Сол атаулы датаның аясында Ассамблеяның облыстағы жұмысын жинақтап, көрсету мақсатында «Алтын кітап» баспасына тапсырыс беріліп, «Атырау этностары» атты кітап жарыққа шықты. Облыстық әкімдікте Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің, ғылыми-сараптамалық және сарапшылар топтарының, аудандық әкімдіктер өкілдері мен облыстық басқарма басшыларының басын қосқан жиында аталмыш кітаптың тұсауы кесілді.

– Биыл Тәуелсіздікке 25 жыл толады. Бұл – ширек ғасыр. Осы кезеңде жинақталған тәуелсіздік тәжірибесі – бұл елдің, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы, – деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Ассамблеяның аймақтағы мүшелеріне жаңа кітапты табыс етті.

Облыста этникааралық және конфессияаралық келісім Атырау облысының Қазақстан хал-қы Ассамблеясының тиімді жұмысы арқасында мүмкін болып отыр. Оның құрамында 17 этномәдени бірлестік бар.

Бір мың дана таралыммен шыққан кітапта Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этникалық топтармен, этномәдени, үкіметтік емес бірлестіктермен және басқа да қоғамдық бірлестіктермен өзара байланыса отырып, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған жұмыстары кеңінен көрсетілген.

Кітап үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, толық форматта шыққан. «Этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдылық міндеттері», «Этномәдени бірлестіктер» және «Атырау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген үш тараудан тұрады.

Дайындаған: Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз