200322214025799a3628443i

Атырауда коронавирус жұқтырғандардың кімдермен қарым-қатынаста болғаны анықталды

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Atr.kz/27 наурыз, 2020 жыл. Коронавирус инфекциясын жұқтырған үш науқас қарым-қатынаста болған жалпы саны 15 адам анықталып, оқшауланды, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бірінші пациент Нұр-Сұлтан қаласынан Атырауға 21 наурызда келген. 26 наурыз күні ЖРВИ белгілері болуына байланысты сынама алынған.

Нәтижесінде инфекция жұқтырғаны анықталды. Науқас Атырауға келместен бұрын Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің коронавирус қаупінің үш санаты туралы қаулысы күшіне енген болатын. Бұл хаттама бойынша ішкі рейстермен келетін азаматтар тексеруден өтпейді. Атырауға келген азамат сырқаттануына байланысты емханаға қаралған. Нақты айтар болсақ, ол тек отбасындағы бес адаммен қарым-қатынаста болған. Олардың барлығы бақылауға алынды.

Екінші науқас 17 наурызда Стамбулдан Алматыға, одан кейін Алматыдан Атырауға келген. Стамбулдан Алматыға бірге келген Нұр-Сұлтандық инфекция жұқтырған тұрғынмен қарым-қатынаста болғандықтан, одан сынамалар алынды. Нәтижесінде инфекция жұқтырғаны анықталды. Ол 3 адаммен байланыста болған. Барлығы бақылауға алынды.

Үшінші пациент Атырауға 26 наурызда Амстердамнан ұшып келген. Осы рейспен Атырауға 8 адам келді, соның біреуінен коронавирус инфекциясы анықталды. Ол басқа ешкіммен қарым-қатынаста болмаған. Жолаушылардың бәрі карантинге жатқызылып, сынамалар алынды.

Үш науқастың да жағдайы қанағаттанарлық. Тиісті хаттамаға сәйкес ауруханаға жатқызылып, емдік шаралар жасалуда. Жағдайлары тұрақты, бақылауда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған