Атырауда көп балалы отбасыларға 40 үй тапсырылды
Atr.kz/20 қараша, 2019 жыл. Атырау қаласына қарасты Жұлдыз ықшамауданында көпбалалы отбасыларға үш бөлмелі қырық пәтердің кілті табысталды.
Атырау-Доссор тасжолы маңынан бой көтерген бес қабатты үй (№2 көше, 64 үй) құрылысымен мердігер мекеме – «ДаМарСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан. Аталған мекеме құрылтайшысы Қабілет Каримовтың айтуынша, 2017 жылы басталған құрылыс жұмыстары екі жылдың ішінде аяқталып отыр.
– Жайлы да сайлы жүз пәтерлі үй жеке инвестиция қаражатына салынды. Кейін қала әкімдігі нарықтағы бағасына сатып алды. Мұнда жарық пен жылу жүйелері жүргізілген. Басқа да қажеттіліктермен толықтай қамтылған. Қоныстануға дайын тұр, – дейді ол.
Жалпы, бұл үйде бір бөлемелі пәтердің ааумағы 55 шаршы метрден басталады. Екі бөлмелісі 70, ал, үш бөлмелісі 81 шаршы метрді құрайды. Қабырғалардың қалыңдығы – 51 сантиметр. Екі жеке жылу қазандығы жұмыс жасайды. Осы үйдің қасынан тағы біреуі орын тепкен.
Атырау қалалық әкімдігіндегі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 145 пәтер тапсырылса, соның 101-і көпбалалы аналарға тиген. Жаңа қоныс иелерінің қуанышымен біз де бөлістік.
– Мен 11 баланы дүниеге әкелдім. Үй кезегіне 2012 жылы құжаттар тапсырған едім. Бұған дейін Сәтбаев көшесінде жергілікті әкімдіктен уақытша берілген үйде тұрып келдім. Бұл 25 қарашада келетін туған күніме жасалған тосын сый болды. Жаңа үйге мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың бәрі де жақын орналасқан, — дейді көп балалы ана Жанна Ахметова.
Ал, Гүлмира Ибраева үй кезегінде сегіз жыл тұрып келгенін айтады. Кейін көпбалалы аналарға арналған кезекке ауысып, 137 орынға жылжыған екен. Сөйтіп, бүгінде бес бала өсіріп отырған ана жаңа үйге қол жеткізуде.
Айта кетейік, бұл үйлер сатып алу құқығынсыз өмір бойғы мерзімге жалға беру негізінде тапсырылып отыр.