Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырауда көп балалы әскери қызметшінің отбасы баспаналы болды

  Atr.kz/24 қыркүйек, 2019 жыл. «Ұлттық ұландықтар» баспаналы болған көп балалы әскери қызметшінің отбасын жаңа қонысымен құттықтады.

5546 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша әскери қызметшісі, старшина Қанат Ғазизовқа үйдің кілтін ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов табыс етті.

Отбасында жеті бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Қанат пен Шұға Ғазизовтар Водников елдімекенінен жалпы ауданы 210 шаршы метрден астам жеке үй алды. Бұған дейін пәтер жалдап келген Қанат Ғазизовтың отбасы «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұңғыш рет өз баспаналарына қол жеткізгеніне қуанды. Қанат әскери салада өзінің жақсы жетістіктерге қол жеткізуін  жұбайы Шұға Мұхтарқызының қолдауымен байланыстырады. Себебі, адал жары өз өмірін отбасына арнауды шешкен. Бүгінгі таңда олардың жанұясындағы Гүлсезімі, Саидасы, Айшасы мен Исмаилы ата-аналарын мектептегі жетістіктерімен қуантса, кішілері Ибраһим мен Мариям балабақшаға барады. Ал, сүт кенжесі  Мүслимге  бір ай енді толған. Иә, айрандай ұйыған көп балалы отбасының бірлігі көпке үлгі. «Әке – асқар тау болса, ана  – шаңырақтың ұйытқысы». Бұл Ғазизовтар жанұясының ұстанып отырған басты қағидасы болып қала бермек. −   Балалармен дос болу керек, сонда олардың әрқайсысымен тіл табысу оңай. Сондықтан, балалар бізге барлық жағынан көмектеседі. Отбасында ең бастысы – өзара түсіністік, ал, махаббатты ата-аналар өз балаларын тәрбиелеу кезінде бөліседі, — дейді отбасы мүшелері қуаныштарын жасыра алмай. Ал, қоныс иелерін баспаналы болуымен құттықтаған генерал М.Сатов

5546 әскери бөлімі бұл отбасын қамқорлыққа алып, оларға «ұлттық ұландықтар» тарапынан кез келген көмек пен қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жалпы биыл «Ұлттық ұланда» «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 450 әскери қызметші жаңа пәтерге қоныстанса, оның 24-і – атыраулық әскери қызметші. – Біз қамқорлықты қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуге дайынбыз. ҚР «Ұлттық ұланының» әскери бөлімдерінде ұдайы өткізілетін түрлі қайырымдылық акциялары осының жарқын үлгісі болып табылады. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету – біздің міндетіміз, — деді ол.

Осылайша, тағы бір әскери қызметкердің  жаңа үйдің кілтін алу рәсімі қоныс тойына ұласты. Кең, әрі жарық бөлмелерде асыр салып ойнап жүрген балалардың  қуанышында шек жоқ. Бұл игі іс жас ұрпақтың есінде әскерилердің өз Отаны мен отбасына берік қорған болатынының айқын дәлелі ретінде сақталып қалмақ. Ал, бұған дейін де өз жұмысына ұқыптылықпен қарап, әр тапсырманы жауапкершілікпен орындап келген Қанат Ғазизов әрі қарай да 5546 әскери бөлімнің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының тылдық қамтамасыз ету взводының қазандық бойынша маманы лауазымын абыроймен атқара бермек.

img 20190910 wa0031
img 20190910 wa0040
img 20190910 wa0033

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button