Атырауда коммунистер қатары толықты (+ФОТО)
Atr.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан коммунистік халық партиясы Атырау облыстық филиалында айтарлықтай қуанышты оқиға болды.
Бұл күні өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген жастардың бір тобы салтанатты жағдайда партия қатарына қабылданды. Осы орайда, облыстық комитеттің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев оларға мүшелік билеттерін тапсырып, коммунистер сапына кіруімен құттықтады.
- Бүгін міне, Ұлыстың ұлы күні тойланар сәтте өздеріңіз секілді әр салада жемісті еңбек етіп, елге абыройлы қызмет қылып жүрген жастарға зор сенім көрсетіліп, партия қатарына қабылданып отырсыздар. Мұның өзі сіздерге үлкен жауапкершілік міндет жүктейді. Араларыңызда қарапайым жұмысшылар да, оқытушылар мен ғалымдар, өзге де мамандық иелері бар.
Бұдан былай, баршаларыңыздың да Қазақстан коммунистік халық партиясының мүшелері, қоғамның белсенді өкілдері ретінде еңбекшілердің мүдделері мен құқықтарын қорғауға, егемен еліміздің еңсесін биіктетіп, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға, халықтың әл-аухатын көтеруге атсалысып, сүбелі үлестеріңізді қосатындарыңызға бек сенімдімін. Еңбектеріңізге табыс, өмірлеріңізге сәттілік тілеймін, — деді ұйым жетекшісі.
Осылайша, мереке алдында облыс коммунистерінің қатары тағы да он бес белсенді жаспен толықты. Облыстық комитеттің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, алдағы уақытта партия мүшелерінің санын көбейтумен бірге, сапалық құрамын көтеру де көзделіп отыр.
Дәулетқали АРУЕВ