Жаңалықтар
Атырауда кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты басталды
Бүгін, 30 маусым күні «Атырау» спорт кешенінде кикбоксингтен жастар арасында ҚР чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шараға 16 өңірден 200-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынауда.
Жарыстың салтанатты ашылуында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ҚР Кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек Есентаев облыс басшылығына алғысын білдірді. Шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтуде.
- Нұр- Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 15 облыстан жас спортшылар қатысып отырған ауқымды шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп отыр. Атырау халқына бес күн бойы спорттық мереке, тартысты да қызықты бәсеке сыйлайтын жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін.
Осындай шаралардың нәтижесінде салауатты өмір салтын ұстанып, жүйелі түрде спортпен айналысатын атыраулықтар қатары күні бүгінде облыс халқының 34,2 пайызын құрап отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.