Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

АТЫРАУДА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтің төрағалығымен шағын және орта кәсіп жетекшілерінің бас қосуы өтіп, саладағы өзекті проблемалар талқыланды.

Кездесуге Атырау облысы прокурорының орынбасары Б.Жұмақанов, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Н.Көшеров, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Мәмбетов, кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлер одағы, сондай-ақ салаға қатысы бар облыстық және қалалық басқармалар, департаменттер мен бөлім басшылары, өзге де мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

– Кәсіпкерлік – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Сондықтан оны қолдап, дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл үшін бизнес саласындағы өзекті мәселелерді тұрақты түрде анықтап, бірлесе талқылап, шешіп отыру керек. Алдағы уақытта бизнес мәселелеріне қатысты ақылдасу жиындарын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Ай сайын қажет болса одан да жиі бас қосып, аудандарға да шығып кәсіпкерлермен осындай кездесулер өткіземіз. Бұл кәсіпкерлер мен атқарушы орган өкілдерінің кез келген проблеманы бірлесе отырып шұғыл шешуіне мүмкіндік береді, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетов өңірде 52 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Бүгінде бизнесті қолдау мен қорғаудың барлық тетігі бар, мемлекеттік бағдарламалар да, басқасы да жеткілікті.

Жиында жиырмадай кәсіпкер сөз алып, кәсіпкерлер отандық өнім өндірушілерді қолдау, несиелендіру, коммуналдық төлемдер бағасының өсуі, инфрақұрылым жүйелерін тартудағы кедергілер мен негізсіз айыппұлдар сынды т.б. өзекті мәселелерді көтерді.

– Проблемалық мәселелерді заң аясында шешумен жүйелі түрде айналысып келеміз. Жергілікті биліктің құзыретінен сыртында реттелетін шаруаларға да көмектесіп, тиісті органдармен байланыс орнатып, жедел шешілуіне ықпал етеміз. Тиісті басқарма басшыларына үнін жеткізе алмай жүрген кәсіпкерлерге менің есігім үнемі ашық екенін айтқым келеді. Даулы мәселелер бойынша азаматтарды уақыт кестесіне қарай жеке қабылдауға да дайынмын, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Үш сағатқа созылған жиын барысында шағын және орта кәсіп иелері өздерін толғандырған сауалдарына тиісті орган басшыларынан жауаптар алды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Сурет: Расул СЕРІКОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button