Атырауда кәмелет жасына толмаған балалардың мәселесі талқыланды
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен кәмелет жасына толмаған балалардың ісі мен құқығын қорғау туралы комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков кәмелет жасына толмаған балалардың істерін қарап, құқығын қорғаумен айналысатын 11 комиссия құрылғанын, онда 1 624 мәселе қаралғанын айтты. Мұнда жасөспірімдермен жасалған құқық бұзушылық көп жағдайда сабақтан тыс уақытта жасалатыны белгілі болды.
— Биыл Жылыой ауданында кәмелет жасына толмағандар арасында орын алған 1 суицид, 2 құқық бұзушылық тіркелді. Басқармамен осы ауданның №8, 9, 18 орта мектептерінің тәрбие жұмысына зерделеу жүргізілді. Мұнда нормативтік-құқықтық құжаттамалар талапқа сай жасақталмауында кемшіліктер анықталды. Білім беру ұйымындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғайтын және алдын алатын жұмыстарды жүргізетін сынып жетекшілер, мектеп психологы, әлеуметтік педагог, тәлімгер, т.б. ұйым жетекшілерінің атқарған жұмыстарын тыңдау бірде-бір отырыстары жоспарланбаған. Жасөспірімдердің құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының мониторингісі шығарылмаған. І, ІІ оқу тоқсанында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірде-бір сынып сағаты қойылмаған,-деді Е.Сламбеков.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 6,4%-ға төмендеді. Алайда оның басым бөлігін 18 жасқа толмаған балалар жасаған. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев мәлім етті. Оның айтуынша, қылмыстардың негізгі себебі жолда жүру ережелерін сақтамағаны үшін жол-көлік оқиғасын жасағандарға қатысты болып отыр.
— Қылмысты 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер жасаған. Облыс аумағында жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын-алу мақсатында жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Есепті мерзімде ішкі істер органдарына 6 427 бала жеткізіліп, 6 355 кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналарға жеке–жеке Заң талаптары және жауапкершілігі қатаң түсіндіріледі. ІІО-ның есебіне 204 жасөспірім және 69 жайсыз отбасы алынды. Бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 5 жайсыз отбасы ата-аналық құқығынан айырылып, 10 отбасы ата-аналық құқығынан шектелді,-деді Ә.Сейдуалиев.
Аймақ басшысы жасөспірімдер жасаған қылмысқа ата-анамен қатар білім беру ұйымдарының басшыларын да жауапкершілікке тарту мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ жауапты басшыларға мектептердегі ювеналды полицияның жұмысын жүйелеп, оқушылармен жұмыс істейтін психологтың санын көбейтуді, аудандарда кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығын ашуды тапсырды.
— Қазіргі уақытта жасөспірімдер жасаған қылмыстың 75 пайызы Атырау қаласында тіркелген. Бірақ қалада барлық мүмкіндік болсада, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Соңғы уақытта жасөспірімдердің қатысуымен бірнеше резонанстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның әрқайсына жүйелі талдау жасау керек. Бұл жұмыстарға мектеп-колледж директорларын да тартуымыз тиіс. Ювеналды полицияның жұмысын күшейту маңызды. Қылмысқа барған баланың санасында қандай да бір кемшілік бар екені сөзсіз. Бала не үшін қылмысқа барғанын білуіміз қажет. Мұндай оқушылармен психологтар тығыз жұмыс істеуі керек. Осы мәселеге ата-аналар да тікелей жауапты. Егер кезекті ескертуден кейін ата-ана қорытынды шығармаса, құқығынан айыру керек. Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға әкімдік тарапынан барлық көмек көрсетіледі,-деді С.Шәпкенов.