Атырауда көпқабатты үйдің шатыры құлауына байланысты арнайы кеңес құрылады
Atr.kz/ 15 сәуір, 2019 жыл.Кеңес мүшелері шатырды қалпына келтіру және келтірілген шығындарды өтеу мәселесін қарастырады.
Атырауда қатты жел салдарынан көпқабатты үй шатырының құлауы жағдайына орай Атырау қаласы әкімдігінде арнайы кеңес құрылады. Жаңа құрылған кеңес мүшелері биік ғимараттың шатырын қалпына келтіру, келтірілген шығынды реттеу, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселелерімен айналысады. Жел салдарынан аумағы 125 текше метр болатын шатыр құлап, 3 көлік иесі зардап шеккені еді. Оқиға салдарынан жол учаскесі жабылды, автобустар мен автокөліктер айналма жолмен жүріп жатыр.
«А.Құнанбаев көшесі, 19 мекенжайында орналасқан үй 2012 жылы терможаңғыртудан өткен. Жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының кепілдік мерзімі 2014 жылы өтелген. Сондықтан, бұл жағдайда мердігер мекемені кінәлай алмаймыз. Шатыр құлауына байланысты барлық мәселелерді заң тұрғысынан құрылған арнайы кеңес шешеді», — деп хабарлады Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.
Айта кетейік, 12 сәуір күні түс уақытында А.Құнанбаев көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің шатырын жел ұшырып кетті. Шатырдың бір бөлігі төменде тұрған үш көлікке және өтпелі жолға құлады. Төтенше жағдай кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.