
Атырауда инвестициялық карта мен геопортал іске қосылды
Атырау облысында инвестициялық мүмкіндіктерді көрсету және жобаларды қолдау мақсатында арнайы инвестициялық карта әзірленді. Бұл туралы облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аман Сұлтанов мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Инвестициялық карта арқылы кәсіпкерлер мен инвесторлар өңірдің әлеуетімен танысып қана қоймай, жаңа жобаларын ұсынуға және қолдау тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта картада қаржылық қолдау қажет ететін 11 жоба мен іске асырылып жатқан 6 жоба жарияланған, — деді А.Сұлтанов.
Сонымен қатар облыстың геоақпараттық порталы да жұмыс істеп тұр. Онда бас жоспарлар, елді мекендердің шекаралары, жер учаскелерінің жағдайы, инженерлік желілер, ғарыштық мониторинг деректері жинақталған.

— Геопортал бүгінде өңірдің жер ресурстарын тиімді бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Арнайы жүйе арқылы пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып қолданылған жер учаскелеріне тексеріс жүргізіледі. Осыған дейін портал арқылы 53 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бұл – ашықтық пен жеделдікті арттырудағы маңызды қадам, — деді спикер.
Геопортал қазірдің өзінде 70-тен астам мемлекеттік мекемемен интеграцияланып, жер учаскелерін онлайн беру, аукцион арқылы сату немесе жалға алу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр.