
Атырауда Иннополис университетінің Жасанды интеллект зертханасы ашылады
Ресей Федерациясының Қазан қаласында өтіп жатқан Татарстан мұнай-газ-химия форумы аясында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті делегациясы Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Иннополис университетімен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды.
Бұл құжат екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, Атырауда Иннополис университетінің Жасанды интеллект зертханасын ашуға негіз қалайды.

Жаңа зертхана аймақ жастарына ІТ, робототехника және жасанды интеллект бағытында халықаралық деңгейде білім алуға, заманауи зерттеулер жүргізуге жол ашады. Сонымен бірге, бұл бастама өңірдегі цифрлық экожүйені дамытуға, жоғары технологиялар саласында білікті мамандарды даярлауға үлкен үлес қосады.
Иннополис университеті – ІТ және робототехника саласында әлемдік деңгейде танылған инновациялық оқу орны. Мұнда бағдарламашылар, жоғары технологиялар саласындағы менеджерлер, жасанды интеллект пен робототехника бойынша зерттеушілер даярланады. Енді осы тәжірибе мен білімнің үздік үлгілері Атырау жастары үшін де қолжетімді болмақ.
-Иннополис университетінің Жасанды интеллект зертханасы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында жұмыс істеп, жаңа буын ІТ-мамандарын даярлауға ықпал етеді. Бұл қадам өңірдің білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға жақындата отырып, ел экономикасына қажет жоғары білікті кадрларды даярлауға жағдай жасайды,- деп атап өтті С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова.
Татарстан мұнай-газ-химия форумы — жыл сайын әлемнің жетекші компанияларын, мемлекеттік құрылымдар мен ғылыми қауымдастықтарын тоғыстыратын ірі алаң. Биылғы форум аясында қол қойылған келісім – Атырау мұнай және газ университетінің халықаралық серіктестігін кеңейту жолындағы тағы бір табысты қадам.
Университет басшылығы атап өткендей, мұндай серіктестік жастардың инновациялық әлеуетін ашуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға және Қазақстанның цифрлық экономикасына үлес қосатын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.