Атырауда инклюзивті театр ашылмақ
«Біз де адамбыз» қорының басшысы Гүлназ Қосмұрзиева ағымдағы жылы іске асырылатын жобалар туралы баяндады.
Биыл жүзеге асатын жобалардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арт-терапиясын жүргізуге бағытталған инклюзивті театр құру жобасы.
Инклюзивті театр – бұл физикалық және психикалық даму ерекшеліктері бар адамдардың қатысуымен өтетін сахналық әрекет. Бұл қаламыз үшін де, еліміз үшін де жас әрі жаңа бағыт, осындай театрлар Қазақстанның ірі қалаларында енді ғана қалыптасып келеді.
— Театр құру идеясы Қор резиденттері арасында сауалнама жүргізіп, Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың уақытын өткізуге қолайлы орын жоқ деген қорытынды шығарғаннан кейін келді, бұл жағдайда аудандар туралы айтудың қажеті де жоқ. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру тиісті жағдай жасалмаса, мүмкін емес. Идея туындағаннан кейін біз жоба жаздық, жобаға қаржылай донор іздедік, жобамызды қорғадық, қазіргі кезде олардың қаржылай қолдауына сүйене отырып, жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамдарына кірістік. Осы театрдың көмегімен біз мүгедек жандарға әлеуметтік реабилитация жүргізіп, олардың қоғамның белсенді және дербес мүшелері ретінде бейнесін қалыптастыруды мақсат тұтамыз, — деп атап өтті Қор басшысы Гүлназ Қосмұрзиева.
Инклюзивті театр аясында келесі бағыттар бойынша 4 шығармашылық үйірме ашылады: вокал, би, актерлік шеберлік және сөйлеуді түзеу және дамыту (сөйлеу шеберлігі). Жыл соңына дейін театр әртістері 2 театрлық қойылым мен 2 шығармашылық кеш ұйымдастырады деп күтілуде. Жобаның үйлестірушісі ретінде арба үстіндегі би бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Есболат Балабаев қызмет етеді.
— Өзімнің жеке басымнан өткен тәжірибеме қарай шығармашылық жұмыстың теріс эмоциялармен, оқшауланумен және депрессиямен күресуге көмектесетінін білемін. Сол себепті осы жобаның жүзеге асырылуын тағатсыздана күтемін және қатысушылар үшін де, ұйымдастырушылар үшін де өте қуаныштымын. Ерекше әртістеріміз шығармашылық арқылы өзін түсіну, өзгелермен байланыс орнату секілді қабілетін жақсартады. Көбінесе мүгедектігі бар адамдар түрлі стереотиптерге еріп, жаңа әлеуметтік байланыстар орнатпайды, бұрынғы таныстарымен байланысын жоғалтады. Бұл қоғам мен адамдардың өздері жасайтын жасанды кедергілер деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – осындай кедергілерді жойып, әркім өзінің шығармашылық әлеуетін дамыта алатын орын болу, театрды терапияның бір түріне айналдыру, – деп өз ойымен бөлісті жоба үйлестірушісі Есболат Балабаев.
Қор басшысының айтуынша, жобаның келешекте әлеуметтік кәсіпкерлікке айналу мақсаты бар, сол арқылы Қор мүмкіндігі шектеулі әртістерге тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді және оларға жұмысқа орналасу мәселесін шешуге көмектеседі.