Атырауда инклюзивті дамыту орталығында тұзды шахта ашылды
Балалар жылы аясындағы жанды жадыратар жұмыстар ел көлемінде жүргізілді. Жыл аяқталар тұста атыраулық ерекше балалар да қуанышқа кенелді. «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жанынан ашылған ерекше балаларға арналған «Венера» инклюзивті дамыту орталығында тұзды шахта ашылды.
Игі бастаманы жүзеге асырушылар – «Vybor KZ» тренинг орталығының ЛП 5 волонтерлер командасы. Бастамашы топ бұған дейін де бірқатар ізгі жұмыстар атқарып, ел алғысына бөленуде. Құрамында 16 волонтер бар белсенді топ «Венера» орталығындағы ерекше балаларды қуантып, оңалту шараларына зор үлес қосты. Өйткені, тұзды шахта – ерекше балалар үшін аса қажетті ем-шаралардың бірі. Ол иммунитетті арттырып, тұмау, суық тию секілді жұқпалы ауруларды жұқтырмауға да себепші терапиялық ем ретінде ерекше пайдалы. Орталық мамандарының айтуынша, тұзды шахтаның ерекше баланың тактильді сезімін қалптастыруда да қосар пайдасы өте зор.
«Жаңа жыл қарсаңында, әрі балалар жылын қорытындылар шақта аталған тренинг орталығының волонтерлерінің тікелей демеушілігі арқылы шахта ашылғанына өте қуаныштымыз. Биыл орталықта көптеген жұмыстар атқарылды. Жақсы жаңалықтарымыз да өте көп. Соның бірі, жалғызбасты аналардың және көпбалалы отбасындағы 5 ерекше баланың орталықта тегін ем алуына жағдай жасалды. Демеуші — «Инфра Дел Проджектс Казахстан» компаниясы. Оған қоса, үздіксіз дамыту нәтижесінде орталықтан шыққан балалардың мектепке, балабақшаға жолдама алып, бәрімізді қуантқан оқиғалар да орын алды. Бұл – ата-аналар үшін үлкен қуаныш болса, біз үшін де дәл солай. Дамыту орталығы мамандарының аянбай еңбектенгенінің жемісі» дейді бізбен қуанышын бөліскен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жанынан ашылған ерекше балаларға арналған «Венера» инклюзивті дамыту орталығының директоры Гүлбарам Ермұханова.
Айта кетейік, аталған орталық аутизм, даун синдромы, психикалық даму тежелуі бар 30 ерекше баланы қамтып отыр. Олар логопед, дефектолог мамандардан және аватерапия, сенсорлық интеграция, құм терапиясы, ойын терапиясы, топтық жұмыстар бойынша дамыту қызметтеріналады. «Венера» орталығының тағы бір ізгі бастамасын да атай кетелік. Орталықта ерекше бала тәрбиелеп отырған 3 ана қызмет етеді әрі олардың балалары тегін қамтылған.
Гүлжан ӘМІРОВА