Атырауда иесіз үйлер мен төленбеген ақыға қатысты жаңа реформа жүзеге асырылуда
Бүгінде елімізде «Мүліктік меншік иелерінің бірлестігі» институтын құру, оны қолданысқа енгізу мақсатында реформа жүзеге асырылып жатыр…
Осыған байланысты тиісті заң қабылданып, осы уақытқа дейін пәтер иелері кооперативі қамтуында болып келген көп қабатты үйлер біртіндеп тұрғын үй қорын немесе кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа формасына көшеді. Бұл реформа өз кезегінде, меншікті басқару ісінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлерінің ескерілуін, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың ашық жүргізілуін көздейді. Заңда қарастырылғанындай, пәтер иелері кооперативтері жұмыстарын келесі жылдың екінші жартысына дейін жалғастыра алады.
Жұмысы көп, жалақысы аз
Атырау қаласы бойынша ПИК-тер қауымдастығы төрағасының орынбасары Людмила Шароватованың мәліметінше, бүгінгі таңда облыс орталығындағы 2 000-ға жуық көп қабатты тұрғын үйге кооперативтер мен серіктестіктер қызмет көрсетеді. Ішінара жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басқаруындағылары да бар. Бұлардың ішінде, мойнына алған міндетін уақыт талабы мен тұрғындар талғамынан шығатындай деңгейде атқарып келе жатқан «Айдын», «Авангард», «Ақ Жол Темір», «Рахман-2», «Азамат– Аман» ПИК-тері мен «Наурызбаева», «Нұр Әли» ЖК-терін айрықша атауға болады. Әрине, қызметін талапқа сай ұйымдастыра алмай отырғандары да жоқ емес. Кооперативтердің басым көпшілігіне тән проблема – оларда еңбек ететін жұмысшы мамандардың (аула сыпырушы, тазалықшы, электрші, т.б) тапшылығы немесе тұрақтамайтындығы.
Осындай жұмыстарға хабарландыру берген күннің өзінде, келушілер өте аз көрінеді. Оның басты себебі, атқарылатын шаруаның көптігінде, керісінше, төленетін жалақының аздығында. Мұның сыртында, былтырдан бері пандемиямен байланысты қолға алынған тұрғын үйлердің кірмедәліздері мен балалардың ойын алаңқайларын дезинфекциялау шараларына тартылуы қосымша міндет жүктегені мәлім. Атырауда әлі күнге ешқандай кооперативтің құрамына кірмеген жүздеген көп қабатты үй бар. «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа заң талабына сәйкес, болашақта меншік иелерінің бірлестігі немесе серіктестік құрылған мезгілде бірінші кезекте осы иесіз қалған үйлер нысанаға алынатын болады.
Ақысы төленбесе, қызмет көрсетілмейді
Кооперативтердің қаржы қоры негізінен пайдалану шығындары үшін төленетін ақыдан жинақталатыны белгілі. Бастапқыда бұл төлемнің орташа мөлшері әрбір шаршы метріне 25-35 теңге аралығында белгіленген болатын. Бертінде тарифтер бірнеше рет қайта қаралып, аз-кем өсірілді. Осылайша, коммуналдық қызметтер үшін төлем көлемі аса көп көтерілмегеніне қарамастан, тұрғындардың бәрі бірдей пайдалану шығындарының ақысын дер мезгілінде төлемейтінін тәжірибе көрсетті. Сайып келгенде, осының өзі көп қабатты тұрғын үйлерді күтіпұстап, тазалық жұмыстарын жүргізуге, жұмысшы-қызметкерлерге жалақы төлеп, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелермен есептесуге кері әсерін тигізіп отыр. Ал, тұтынылған жарық пен жылу, ауыз су мен табиғи газдың ақшасын тұрғындар тікелей сол мекемелердің өздеріне төлейді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы көп қабатты үйлердің біразына жалпыүйлік жылуесептегіш құрылғылар орнатылған болатын. Кезінде олар тиімділігін көрсетіп, тұтынылатын жылу қуатын үнемдеуге септесті. Алайда, тиісті күтімнің жоқтығынан көпшілігі бүгінде істен шықты. Есептегіштерді Атырау жылу жүйелерінің мамандары төрт жылда бір рет техникалық тексерістен өткізіп, жарамдылығын анықтайды. Сол үшін пәтер иелері қосымша ақы төлейді. Оның өзі де көп жағдайда кешіктіріліп жататыны жасырын емес. Соңғы жылдары пайдалануға берілген үйлерде осындай құрылғылар әр пәтерге қойылғанымен, олар әлі қозғалыссыз тұр.
«Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот»
Ө т ке н ж ы л д а н бе р і Ат ы р ау қаласында тұрғын үй қорын басқарудың жаңа жүйесіне көшуге әзірлік шаралары басталып кетті. Осы орайда, құқықтық тұрғыдан түсінік жұмыстарын жетілдіріп, ширата түсу қажет. Заң талабына сай, сайланатын бірлестік пен серіктестік басшыларын тұрғын үй қорын басқару ісіне бейімдеп, біліктілігін арттыру, былайынша айтқанда, осы салаға мамандандыру да маңызды міндеттің бірі. Ең бастысы, келешекте «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидаты бойынша құрылатын кондоминиум нысандарын басқару құрылымдарының артықшылығы қандай екеніне көз жеткізу, соны іс жүзінде дәлелдеу.
Осы бағытта жоспарлы түрде семинар-тренингтер өткізіліп, құқықтық кеңестер беріліп, басқалай да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ат ы р ау қ а л а л ы қ т ұ р ғ ы н ү й инспекциясының ақпаратына қарағанда, еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2011-2020 жылдар аралығында пайдаланылу мерзімі пен техникалық жағдайына байланысты 130-ға тарта көп қабатты үй терможаңғыртудан өткізілді. Бұл шаруаны атқаруға мемлекет қазынасынан миллиардтаған қаржы жұмсалды. Десек те, бұлардың бәрінде бірдей жоспарланған жұмыстар сапалы орындалды деу қиын. Қайсыбірінде мердігер ұйымдардың жауапсыздығынан жөндеу жұмыстары толыққанды жүзеге аспай қалды. Келісім-шартта атап көрсетілгеніндей, ай сайын банкке төленіп отыруы тиісті жарнаны уақытынан кешіктіру жағдайлары да кездесті.
Ал, бағдарламаның талабы бойынша келесі кезектегі терможаңғыртуға бағытталған ш ы ғ ы н н ы ң а л д ы ң ғ ы л а р ы н а н қайтарылған қаражаттың есебінен жүргізілуі керек. Карантиндік шараларға байланысты коммуналдық саладағы реформа баяулап қалғаны рас. Сол себептен тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізу үшін оларды аз-аздан жинауға тура келуде. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың көпшілігі кооперативтен жай серіктестікке көшуді қалайтындықтарын білдірген.
– Әрине, мұндай жұмыстар қаладағы ПИК-тердің көпшілігінде қолға алынды. Алайда, түрлі себептермен жоспарланған шаралар қарқын ала алмауда. Ең бір түйінді тұсы – жаңа құрылымның артықшылықтарын тұрғындардың санасына сіңіру, жетесіне жеткізу қиынға соғуда. «Басқару формасын өзгерткеннен ұтарымыз не, пайдасы қандай, ол бізге не береді?» деген күдікті сауалдарын көлденең тосып, көңілдеріндегі күдікті ойларын да білдіріп қалып жатады. Әйтсе де, әрбір өзгерістің оңы мен солы болатыны секілді, мұның да жақсысы мен жаманы, озық жақтары мен олқы тұстары боларын уақыт көрсетеді, — дейді мәселе төңірегіндегі пікірлерімен бөліскен сарапшы-мамандар.
Дәулетқали АРУЕВ