
Атырауда халықаралық жастар күніне орай «Atyrau Jastar Fest 2025» фестивалі басталды
Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен халықаралық жастар күніне орай «Atyrau Jastar Fest 2025» фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Алғашқы мерекелік іс-шара қаладағы «Ретро-паркте» ұйымдастырылып, онда SALSA BACHATA тобы өздерінің би бағдарламасын ұсынды. Бұдан кейін Show today ұжымы қала тұрғындарын интерактивті ойындар мен көңілді бағдарламасымен баурап, кештің көркін қыздырды. Мереке аясындағы шара концерттік бағдарламаға ұласып, тыңдарманға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жиналған көпшілікті облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева Жастар күнімен құттықтады.
– Құрметті атыраулықтар, қадірлі жастар! Бүгін біз Жастар күнін ерекше көңіл-күймен атап өтудеміз. Барлық шараларға сіздерді қуана-қуана шақырамын. Әрбір іс-шара сіздердің қызығушылықтарыңызға, қажеттіліктеріңізге сай ұйымдастырылып отыр. Атырау жастары жасасын! Концертіміз бен мерекеміздің ашылуы құтты болсын! Баршаңызға шаттық пен шабыт тілеймін. Жастар күні құтты болсын! – деді Әйгерім Жәрдемқызы.

Фестиваль аясында Бану Гайдар сән үйі ұсынған этно-киімдер топтамасы көрсетілді. Сондай-ақ көрермендер жергілікті өнерпаздар – Фатима Кәрім, Әнуар Күркебай, Нұршат Құсанова, Diya, Асланбек, Асланбек & Ақмурзин дуэті және басқа да әншілердің өнерін тамашалады.

Фестиваль аясында бір апта бойы мәдени, өнер және спорт шаралары өтеді. Атап айтсақ 11 тамызда Абай орталығында облыстық «ATYRAU Quiz» интеллектуалды ойыны, ал 12 тамызда Жастар театрында Хамит Ердехан мен Нұрбол Маратұлымен кітап кеші ұйымдастырылады. 13 тамызда ақындар Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаштың поэзиялық кеші өтеді.

14 тамызда Ретро-паркінде «Ulttyq Cover» ән байқауы, 15 тамызда «Atyrau Youth Dance» би сайысы өтпек. 16 тамызда «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирінің финалы және «Atyrau Books»фестивалі мен жас шеберлер жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Фестиваль 17 тамызда Ретро-паркінде өтетін «Tungi Run» жастар марафонымен қорытындыланады. Барлық шараларда қомақты жүлде қоры қарастырылған.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ