Атырауда «Халық арна» діни каналы жұмысын бастады
Бүгін Атырауда «Халық арнаның» аймақтағы филиалы ашылып, жұмысын бастады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төл арнасының филиалы тұңғыш рет Атырау облысында ашылып отыр.
Филиалдың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов жаһандану дәуірінде кез келген салада шұғыл әрі нақты дерек көзіне айналудың маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты мақсаты – бұқара арасында асыл дінімізді, ділімізді, дәстүрімізді кеңінен дәріптеу. Мүфтиятқа қарасты 19 өкілдік болса, алғаш болып Атырауда ашылып отырған «Халық арнаның» филиалы рухани, мәдени жаңалықтар ордасына айналады деп сенемін» деді Марат Бектазинов.
Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, еліміздің руханият саласында айтулы жаңалық орын алып отыр.
«Ақпарат саласының маңызына дер кезінде назар аударған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Халық арнасының» ашылуына тікелей ықпал етті. Ақпарат кеңістігіне енді жол салған «Халық арна» өз аудиториясы бар ірі каналға айналарына сенеміз» дейді Алтынбек Ұтысханұлы.
Филиал студиясы төрт блоктан тұрады. Арнайы жасақталған студиялар телевизиялық хабарлар, рухани сұхбаттар, түрлі форматтағы түсірілімдер жасауға мүмкіндік береді. Телевизия саласына қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген студия осылайша облыстағы рухани, діни жаңалықтар туралы хабарларды республика көлемінде таратуға мүмкіндік беріп отыр.