Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Атырауда халықаралық баянистер байқауы қорытындыланды

Atr.kz/ 16 сәуір, 2019 жыл. Атырауда үш күнге созылған «Еуразия кубогі» атты баян-аккордеон аспаптарында орындаушылардың ІІ халықаралық сайысы мәреге жетті.

Ұйымдастырушылар – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына көрермен көп жиналды.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Соңғы күні қатысушылар «Ансамбль» және «Варьете» аталымдары бойынша сынға түсті. Ал, келесі күні Украинаның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты, сазгер, дирижер Владимир Зубицкийдің концерті өтті. Сондай-ақ, ол осы байқаудың қазылар алқасына да төрағалық етті.

Айта кетейік, домбырашылар мен оркестрлер байқаулары жиі өткізіліп тұрады да, ал, баян-аккордеоншылардың конкурсы сирек ұйымдастырылады. Ендеше, аталған шараның көздегені де – осы олқылықты толтыру. Байқауда барлығы төрт номинация бойынша 50 үміткер бақ сынады. Арасында көршілес Ресейден, атап айтқанда, Қазан, Астрахан және басқа да қалалардан келген қатысушылар бар. 

Нәтижесінде, 24 қатысушы арнайы сертификатпен ие болса, бірқатарына дипломдар табысталды. Ал, қалған үміткерлер бірнеше аталым бойынша марапатталды.

– Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, биыл қатысушылардың деңгейі едәуір өскені байқалады, қарым-қабілеті де артқан. Міне, сайыстың мақсаты да сол болатын, яғни, баянист — аккордеоншылардың шеберлігін шыңдау. Екіншіден, қазір сирек орындалатын баян аспабын насихаттау өте маңызды. Сондықтан, шараның мақсаты толықтай орындалды деп санаймын, — дейді облыстық филармония басшысы Ғаділ Дүйсенғалиев.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button