Меңдібай СҮМЕСІНОВ: Бетперделі бір белес

img 20210201 wa0186 1 COVID-19: Соңғы поштадан...

Сонымен, халық арасында тәжтажал атанған алапат ауру алғаш қазақ жеріне өткен жылғы 13 наурызда жетті. Араға үш-ақ күн салып ол бірнеше аймаққа тарап үлгерді. Ал 16 наурызда елімізде төтенше жағдай жарияланды. Содан бастап республикада қатерлі дертпен күрес басталды. Оған да, міне, тура бір жыл толып отыр екен. Не ұттық, неден ұтылдық? Таразыға тартып көрелікші.

Былтыр «Бұдан бір жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның басталғанын жариялады»

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.ТОҚАЕВ

Ал д ы ң ғ ы ж ы л д ы ң желтоқсанында Қытайда белгісіз аурудың белгісі білінгенде басқалар бастапқыда селт еткен жоқ. Əлемдік ақпарат оның тез тарап жатқанын айтқанымен, еңселі ел еңсеріп кетер деп ойласа керек. Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы тиісті министрлік басшылығы да соңғы сəтке дейін етек-жеңін жинамай, арқаны кеңге салды. Тек сын сағаты соққанда ғана қимылдай бастады. «Суға кеткен тал қармайдының» кебі ғой. Əттең, əлем əрекет етер уақыттан сəл кеш қалды. Бұрынсоңды мұндай қиындықты көрмегендердің абдырап қалғаны да жасырын емес. Аз-ақ күнде кəрі құрылыққа құрық салып, мұхит асып, Африка мен Азияны ауыздықтаған қатерлі дерттің біздің де шекарадан өтуі анық еді. Бірақ, медицина саласының мамандары оның түбі табалдырықтан аттауы ақиқат екенін білгенімен, нендей амал қолданарын нақтылап үлгермеген тəрізді. Қайткенде де, қапы қалдық.

Бүгінде əлем сарапшылары қатерлі дерттен қаза тапқандар саны Екінші дүниежүзілік соғыста опат болғандардан əлденеше есе көп екендігін айтуда. Толық есебі кейін шығар, бірақ Атырауда көз жұмғандардың өзі-ақ оқыс оқиғаның сом салмағын сездіргендей. Бəрінің атын атап, түсін түстеу мүмкін болмас. Бірақ, есімдері естен кетпес-ау. Əсіресе, күндіз-түні сырқаттардың жанында жүрген дəрігерлер еңбегі елеусіз қалар ма? Аймақта оннан аса медицина қызметкері өмірден өтіпті. Солардың кейбірі күнделікті кездесіп жүрген кісілер-ді.

Алдағы уақытта оларға ескерткіш орнатса да артық емес. Тосын жəй фармацевтика саласының кенжелеп қалғандығын көрсетті. Жəй кезде текке масаттанып жүрген тəріздіміз. Сын сағаты соққанда тығырыққа тірелдік. Қарапайым дəрі таба алмай сандалып қалдық. Атырауда да ауыр ахуал қалыптасты. Көпшілік көршілес Астраханға ағылды. Бұрын түйірлеп таситындар енді қапшықтап қамтыды. Сонда деймін-ау, бұған дейін тұрғызылған дəрі-дəрмек шығаратын нысандар қайда? Олардың құрылысына қыруар ақша жұмсалды ғой. Əрине, халықтың қаржысы. Ендеше, қиын кезде солар жұртқа жұмыс жасай алмаса, онда миллиондаған теңгенің текке кеткені ме? Өкінішті-ақ.

Рас, коронавируспен күреске қазынадан көп қаражат қаралды. Бəзбіреулер бəлен миллиардты атайды. Ретімен жұмсағанда біраз іс тындыруға да болар ма еді? Əттең, талайдың тағдыры таразыға тартылғанда осы ақшаға қол сұққандар да табылды. Миллиондаған теңге кейбіреулердің қалтасында кетті. Құтылған жоқ олар, тұтылды. Абақтыға да айдалар. Бірақ, дертіне дауа таппай, қиналып көз жұмғандардың обалы кімге? Ақ желеңге жұққан дақ қалай жуылар?

Медицина мамандарын даярлауда қандай кемшілік кеткені де белгілі болды. Олар бұрын да жетіспейтін, енді тіпті тапшылығы сезілді. Сын сағаты соққанда бой тасалауға тырысқандары да табылды. Жалпы, осы сала кадрларын ақылы негізде оқытудың қателігі байқалды. Ұлт саулығы – мемлекеттің стратегиялық байлығы. Ел азаматтары аман болуы тиіс. Ендеше, соны қадағалайтын, керек кезінде емдейтін дəрігерлер де тегін білім алуы керек. Қабілеті жетпе се де, қалтасындағы қаржының күшімен оқыған қызжігіттерден жан-жақты маман шығуы қиын-ау. Оның үстіне, өз қаражатына оқығандар қалауынша қызмет іздейді. Сонау кеңестік кездегідей жолдамамен жұмсауға көнер ме екен? Əйтпесе, əр жылы медициналық оқу орындарын тəмамдаған түлектер толып жүрсе де, сайып келгенде, жетіспей жатқандығын қалай түсінуге болады? Ақырында, н е с і н ж а с ы р а м ы з , с е с с и я сайын студенттерден алым алатын оқытушылар да бар ғой. Солар келешек кадрларға қандай тəлім беріп жүр?

Ұлт саулығы дегенде осындай көңілсіз ойларға да берілуге тура келеді. М е д и ц и н а м е к е м е л е р і қызметкерлерінің жарытусыз жалақысы да пандемия кезінде негізгі мəселеге айналды. Бұған дейін неге шешілмеген? Əлде айтуы аз болды ма? Қаржы жетпеді ме? Əйтсе де, бар салмақ дəрігерлерге түскенде бəрі табылды. Дерт салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына он, ауру жұқтырғандарға екі миллион теңгеден беруге шешім шығарылды. Рас, кейін соңы сиырқұйымшақтанып, б ұ л а қ ш а ке й б і р еул е рд і ң қолына тимеді. Бірақ, бəрібір, к ө т е р м е л е у т е т і г і і с к е қосылды. Демек, бюджетте қаржы болғаны ғой. Абай ақын айтқандай, «қолды мезгілінен кеш сермеу» қалмай келеді-ау.

Бір қуантарлығы – еріктілер қозғалысының еркін қимылы. Рас, кейбіріне аз-кем ақша төленген шығар. Бірақ, бос уақытында өз еркімен ауыр жабдықтарды тасып, карантинде қалған қарттарға көмектескен қыз-жігіттер ісі мақтауға тұрарлық. Жалпы, осы орайда көпшілік аузында бір ащы шындық та жүр. Былтыр облыс «қызыл аймақта» тұрақтап тұрып алды. Медицина саласында бірнеше лауазымды тұлға ауысты. Мемлекет басшысы алаңдаушылық танытты. Жəрдемге Нұр-Сұлтаннан, тіпті Ресейдің Астрахан қаласынан мамандар жетті. Аймақ басшысы қатаң сөгіс алды. Ал, Атырауға осы дерт қалай келіп еді?

Жұртшылық жадында шығар, шет елдерде қалып қойған қазақстандықтарды кейін қайтарғанда олар тұратын қалалар ұшақтарды қабылдамай, мұнайлы мекенге қонуға тура келді. Бастапқыда сақтық шараларын қалай ұйымдастыруды білмеген жергілікті мамандар бəрін бір автобуспен тасымалдап, дертті жұқтыруға жол берді. Одан əрі, Теңіз кенішінде ауру асқынды. Республиканың əр түкпірі ғана емес, алыс-жақын шет елдерден мыңдаған маман жұмыс жасап жатқан кеніште сырқат жандар саны күнделікті көбейді. Бұл іргелес Жылыой ауданын да қамтыды. Қазір кейбіреулер айтады ғой, о баста кен орнын оқшаулап, кіргеншыққан адамдарды шектегенде дерт таралмауы да мүмкін бе еді? Ден қоятын пікір тəрізді.

Биыл «Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік»

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.ТОҚАЕВ

Шүкірміз. Мамандар əлі де қиындықтар бар екенін айтқанымен, қауіптің беті сейілгендей. Облыс «жасыл» жəне «сары» аймақта кезекпен табылуда. Тіл-ауызымыз тасқа, «қызыл» аймақтың шекарасынан өткеніміз жоқ. Кешегі күннен алған сабақ бүгінге кəдеге асуда. Дəрі-дəрмекпен де жеткілікті қамтылғандаймыз. Арнайы ау руханалар салынуда. Рас, бəрінің қайтарымын алдағы уақытта көрерміз. Біртіндеп қалыпты тірлік түзіліп келеді. Бизнес нысандары есіктерін айқара ашты.

Əйтсе де, сақтық шараларын естен шығарып жатырмыз. Əсіресе, мейрамханалардың жұмыс жасай бастауы той а ң с а ғ а н ж ұ р т т ы ң с о л а й шұбыруына соқтырды. Адам санын шектеу жөнінде тиісті т алап болғанымен, соның сақталмай жатқаны жасырын емес. Осындай орындардың иелері келушілерді жасырын есіктен енгізіп, көлеңкелі кəсібін қалыптастырған. Соны өзіміз көріп жүрміз, бірақ үндемейміз. Тіпті сол тойдың ортасында отырамыз. Бейқамдық па бұл?

Қоғамдық көліктер қозғалысы қалыпқа келді. Бұл, əрине, тұрғындарға тиімді. Əйтсе де, бетперде тағуды тоқтатыппыз. Түк болмағандай аңғал-саңғал сайрандаудамыз. Ескерту жасауды кондуктор да ұмытқан, өзге жолаушылар да жайына отыр. Мұны қалай түсіндік? Сауда орындарында да с а л ғ ы р т т ы қ б а й қ а л а д ы . Дүкеншілер де, келушілер де сақтық шараларына салақтық танытады. Осы орайда рейдтік бақылаулар босаңсып кеткендей. Əрине, бетін əрмен етсін, бірақ ертең тағы қиындыққа кездесіп қалмайық.

Бір қуанарлығы – əлеуметтік желінің жөнделгені. Былтырғыдай алып-қашпа əңгіме аз. Жұрт көп сөздің, бос мылжыңның қажетсіз екендігін сезген. Текке алаңға шығып, митинг ұйымдастырудан ұтпасын білген. Екпеден еліріп ат-тонын ала қашқандар да көрінбейді. Мемлекеттік қызметкерлердің, сала басшыларының екпені алдымен өздері салдырғаны өзгелерге өнеге болды. Дəрігерлердің дені егілді, енді кезек мұғалімдерге келді. Олардың да сыр алдырмасына сенгендейсің. Жергілікті медицина мамандарын даярлауға да ден қойылды. Биыл облыс əкімі грантының көбі осы сала кадрларын дайындауға бөлінді. Д емек, қазір тұрғызылып жатқан немесе келешекте салынар денсаулық сақтау нысандары қызметкерсіз қалмайды. Оның үстіне, болашақ түлектер өздеріне арналған қаржының қ а й т а р ы м ы н қ а й т а р а д ы .

Ендеше, бұл бағытта тапшылық бола қоймас. Яғни, атқарушы биліктің алдын ойлап алған шарасы жемісін бермек. Адамдар қызмет орындарына оралуда. Рас, Теңіздегі вахта тым ұзаққа созылды. Бірақ, бұл да – уақытша шара. Жағдай жақсарса, ауысым да қалпына келмек. Осы орайда осындағы мердігер мекемелер басшыларының жергілікті жұмысшыларға көбірек иек артқаны абзал. Қазақ «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демей ме? Кəсіпкерлер сын сағатында бизне стің басты бағытын айқындап алғандай. Сыртпен барыс-келіс шектелген соң тыстың дайын тауарын сат уд а н г ө р і ө з ө н і м і м і з д і саудалау тиімділігі көрінді. Соған бейімделіп жатқандар б а р .

Е н д е ш е , м ұ н а й – г а з саласындағы босаған бизнес орындарын жергілікті кəсіп иелерінің толтыруына толық мүмкіндік туды. Бұл да – оң өзгерістің нышаны. Адамдардың бір-біріне сенімі артты. Кешегі қиын кезде өздеріне көмек қолын созғандарды олар бүгін ұмытпайды. Аттарын айтып отырады. Өзара құрмет қалыптасқан. Бұрынғы бейтаныстар енді сыйлас жандарға айналған. Бұл да қазағымның қамқоршыл қасиеті емес пе?

Осындай ауыр шақта Мəжіліс пен мəслихаттар сайлауы өтті. Енді жұрт өздері қолдаған саяси күштерден салиқалы іс күтеді. Аурудан да арылармыз, бірақ одан да басқа қордаланған мəселелер бар. Экономиканы айықтыру, əлеуметтік саланы сауықтыру, қоршаған ортаны қорғау, инфляцияны тежеу, жұмыссыздықты азайту, əлсіздерді демеу, т.т. толып жатыр. Əрине, бəріне уақыт қажет. Алайда, алдымен қолға алынуы керек нəрселер кезек күттірмейді. Депутаттардың соны түйсінгені дұрыс.

P.S.

Сонымен, бетперделі бір белес те артта қалғалы тұр. Бүгін республикада төтенше жағдай жариялауға тура келгеніне бір жыл толды. Рас, кейін шектеу шаралары жеңілдеді. Әйтсе де, қалыпты тірлікті бір-ақ сәтте бұзып, төрт қабырғаны күзетіп қалған кез жадымызда жатталатын шығар. Тек осындай қатаң тәртіп нәтижесінде ғана бұдан да ауыр болуы ықтимал ахуалды артқа тастадық. Салдарын болжап болмайтын қиындықты еңсердік. Жұбан ақын айтқандай, мың өліп, мың тірілген қазақтың қалың қатпарлы тарихында тағдыры таразыға тартылған талай оқиға өткен. Аман қалғанбыз. Бұл жолғы ауыртпалық та шежіремізге жазылар. Бастысы – баршамыз сау болайық!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз