Атырауда футбол алаңы пайдалануға берілді
«Облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториясы» мекемесінде NCOC компаниясының демеушілігімен футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл мекеме ұжымы мен балалардың көптен күткен қуанышы.
«Облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториясы» 1962 жылдан бастап жұмыс істейді. Шарада NCOC компаниясының үкімет және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Зарина Бакенова, санатория директоры Ұлжан Мұхтарова қатысып, футбол алаңының тұсауын кесті.
– NCOC компаниясы өзінің демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы
шеңберінде жергілікті халықтың қажеттіліктері мен сұраныстарына тікелей көңіл бөледі. Футбол алаңын салтанатты түрде тапсырып жатқанымызға қуаныштымыз. Атырау және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік дамуына 20 жылдан бері үлес қосып, 25 миллион АҚШ доллардан астам қаражат жұмсалды. Балалардың спорттық қабілеттерін дамытып, таза ауада тыныстауына мол мүмкіндік туып отыр. Мекеме ұжымының да еңбектері орасан зор. Балалар тезірек сауығып, отбасыларымен қауышуын тілеймін. Әрі қарай да әріптестік байланыс орната береміз деп үміттенемін, — деді компания өкілі.
Сондай-ақ, шараға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Әлия Жамитова компанияға алғысын айтып, ел намысын қорғайтын спортшылардың шығатынына сенім білдірді.
– Компанияға шын жүректен алғыс білдіремін. NCOC компаниясы
арқылы талай жылдан бері армандаған алаңға қол жеткізіп отырмыз. Бұл алаңда әртүрлі шараларды өткізуге мүмкіндік туып отыр. Мекемеде 75 орын бар. 2 жастан 15 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Мұнда жыл сайын суық тиіп, туберкулезбен ауыратын «жоғары тәуекел» тобындағы Атырау облысының 300-ден астам баласы емделеді. Кішкентай пациенттерімізді білікті пульмонолог, фтизиопедиатр, балалар тіс дәрігері, отоларинголог, рентгенолог бақылайды, — деген мектеп директоры Ұлжан Мұхтарова, компания өкіліне «Алғыс хат» табыстады.
Алмас ҚАБДОЛТЕГІ