Атырауда «Ерте жастан қолдау» инклюзивті кабинеті ашылды
Атырау қаласында алғаш рет 3 жасқа дейінгі түзетуді қажет ететін балалар үшін «Ерте жастан қолдау» инклюзивті кабинеті ашылып, пайдалануға берілді.
Еліміздің 17 аймағында «Дара» қоры және республика Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы және Шеврон компаниясының қолдауымен «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы іске асырылуда.
Жобаның негізгі бағыты «Ерте жастан қолдау» жүйесін дамытып, бұзылысты ерте анықтап, бала және оның отбасына арнайы психологиялық-педагогикалық қызмет көрсететін ерте жастан қолдау мамандарын даярлау.
Атырау қаласындағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті меңгерушісінің міндетін атқарушы Айнұр Иманғалиеваның сөзінше, ерте жастан қолдау орталығының негізгі мақсаты – 3 жасқа дейінгі түзетуді қажет ететін балаларға және олардың отбасына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беру.
– Баланың функционалды дамуына, өз-өзіне қызмету етуіне, отбасында және қоршаған ортада әлеуметтенуіне жағдай жасап, мектепалды даярлық ұйымдарына баруына ықпал етуді көздейміз. Ата-ана баласының қатарластарына қарағанда дамуында, сөйлеу тілінде кешеуілдеуді байқаса, ерте жастан қолдау орталығының көмегіне жүгіне алады. Сапалы білім беру мен жүйелі көмек көрсету барысында Ресей Федерациясы Ерте жастан қолдау институты «Мүмкіндіктер уақыты» бағдарламасы шеңберінде сала мамандарын оқытып, даярлау үстінде. Міне, «Дара» қорының қолдауымен ашылған «Ерте жастан қолдау» қызметі бала бойындағы бұзылысты ерте анықтап, отбасына қолдау көрсетіп, бұзылысты жоюдың және уақытылы көмек көрсетудің негізі болмақ, — деді А.Иманғалиева.
Инклюзивті кабинетте арнайы оқыту курсынан өткен білікті мамандар балаға 3-6 ай аралығында психологиялық-педагогикалық түзету көмектерін береді. Аймақтағы бүлдіршіндер үшін тегін көмек көрсететін аталмыш түзету кабинеті арнайы белгіленген уақытта 70-тен аса баланы қамти алады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген автор