
Атырауда ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар білімін жетілдірді
Атырау қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсететін мамандарға арналған үш күндік оқыту семинары қорытындыланды. Бұл маңызды шара облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығының базасында өткен еді. Семинар Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның бастамасымен және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты.
Алматы қаласынан арнайы шақырылған «Кеңес» орталығының бас директоры Майра Сүлеева мекеме қызметкерлеріне клиникалық-психологиялық және педагогикалық ерекшеліктерді терең меңгеру жолдарын түсіндірді. Теориялық біліммен қатар тәжірибелік тәсілдер де ұсынылды.
Семинардың басты мақсаты — әр баланың жағдайын мұқият бағалап, олардың жеке қажеттіліктеріне сай жұмыс істеу жолдарын қалыптастыру. Жаңа мотивациялық әдістер мен ғылыми негізделген психокоррекциялық және нейрокогнитивтік тәсілдер арқылы балалардың тұлғалық дамуына жол ашу көзделді.
Оқыту барысында ауыр диагноз қойылған балалардың психоэмоционалдық жай-күйін бағалау, сондай-ақ оларға кешенді көмек көрсету жолдары бойынша нақты ұсыныстар берілді. Семинар соңында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, нәтижелер сарапқа салынды.
— Балаға ерте жастан көмек көрсету аса маңызды. Біздің орталық 3 пен 18 жас аралығындағы балалармен жұмыс істейді. Бірақ диагноз қойылған сәттен бастап ем-домды ерте бастаса, нәтиже әлдеқайда жылдам көрінеді. Мамандарымыз әр баламен жеке жұмыс істейді, алайда оларды ұжыммен әрекет етуге де бейімдеуіміз керек. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе синдром Дауна және аутизм диагнозы бар балалардың бойынан ашылмаған мүмкіндіктерді байқаймыз. Олардың әрқайсысының жүрегінде шынайы әлемге ұмтылатын ерекше жарық бар, — дейді №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Анар Каюпова.
Бүгінде орталықта 30 арнайы маман мен 20 тәрбиеші қызмет атқарады. Мұнда 150 бала түрлі бағытта ем алып жатыр, оның ішінде стационарлық бөлімнің де тәрбиеленушілері бар.
Майра ЕРҒАЛИ