Атырауда ерекше балалардың әкелері байқауда сынға түсті
Отбасында әкенің ролін арттырып, оның бала арасындағы қарым-қатынасын нығайту қашан да маңызды. Бұл міндеттің әсіресе ерекше бала тәрбиелеп отырған жанұялар үшін өзектілігі тіптен жоғары. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен «Әкем – қорғаным» атты байқаудың негізгі көздеген мақсаты да осы болды.
Облыста ерекше балалардың әкелері арасында алғаш рет қолға алынған конкурсты «Ерекше Ана – Ерекше 16+» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова қатысып, бүгінде қоғамда мұндай іс-шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Қоғамда, отбасында қашан да әкелердің орныбиік болуы тиіс.
Жанұядағы тәрбиеде әке де ана сияқты балаға қамқор болады. Әр ана әрқашан бала тәрбиесінде көмекке мұқтаж. Сондықтан баланың жай-күйін қадағалап, оны жақсы көріп, әр әрекетін бағалай білуде әкенің де ролібөлек. Әкелер – отбасының қорғаны. Балалар әкеге қарап бой түзейтіні анық, оның бойындағы қасиеттерден нәр алады. Сол арқылы тұлға болып қалыптасады. Сондықтан бүгінде ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы әкелерді ортаға тартып, оларды бағалау да қажеттілік. Осындай игі істерді қолға алған «Ерекше Ана – Ерекше 16+» қоғамдық бірлестігінің жұмыстарын қолдаймыз. «Естуші мемлекет» қағидаты бойынша мұндай жандардың үндеріне құлақ асып, жандарыңыздан табылуға дайынбыз, — деді Гүлнұр Жалғасқызы.
Байқауға облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Асан Раушанов, «Елсана» руханият-патриоттық клубы«Аманат» әкелер алаңының жетекшісі Тұрсын Ертай, Халықаралық спорт шебері, Азия пара ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ержан Сәлімгереев және облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор, комиссия хатшысы Зәмзагүл Жалмурзина, Атырау қаласы әкімнің орынбасары Нұржан Ермұхановтар қазылық етті.
Конкурста жеті отбасының әкелері мен ерекше балалары «Өз-өзін таныстыру», «Үй тапсырмасын көрсету», «Викториналық сұрақтар», «Шынықсаң,шымыр боласың», «Жігітке жеті өнер де аз» кезеңдерібойынша бақ сынады. Нәтижесінде, Қаһарман Аманов бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орын Жанболат Махамбетовке бұйырса, Болатбек Сұлтанов үшінші орынды иеленді.
Басқа қатысушылар «Өнерлі әке», «Қамқор әке», «Батыр әке», «Мотиватор әке» номинацияларымен марапатталды. Барлық жеңімпазға диплом мен статуэткалар табыс етілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ