0 9

Атырауда енді қатерлі ісікті ерте сатыда жасанды интеллект анықтайды

Жаңалықтар Медицина

Атырауда өкпе обыры, сүт безі қатерлі ісігін, тіпті COVID-19 салдарынан пайда болған өкпе қабынуын алғашқы сатыда анықтау үшін қолданылатын жасанды интеллекті бар радиологиялық зерттеулерді орталықтандыратын жаңа жобаның таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл бастама Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы және «WDSOFT» ЖШС компаниясы арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша жүзеге асырылды. «PACS» біртұтас медициналық ақпарат жүйесі арқылы облыстың 20 медициналық мекемесі қызмет ететін болады.

 «PACS» жүйесіне компьютерлік жүйелер, серверлер, бағдарламалық қамтамасыз етулер кіреді және цифрлық радиологиялық түсірілімдерді сақтап, мұрағаттауға мүмкіндік береді. 

Оның арқасында жүйеге қосылған ауруханалар медициналық цифрлық көріністерге қол жеткізе алады. Яғни, сырқатты бір медициналық мекемеден екіншісіне жібергенде немесе ауданнан облыс орталығына жөнелткенде пленкалы немесе қағаз түріндегі түсірілімдерге деген қажеттілік болмай қалады. Аурудың даму қарқынын қашықтықтан компьютер арқылы бақылауға мүмкіндік туады. 
   
 «WDSOFT» компаниясының өкілі Ренат Сәрсембаевтың сөзіне қарағанда, жасанды интеллект дәрігерлердің жүктемесін төмендетіп, аурудың диагнозын нақтылай түседі.


 Бұл өте тиімді жоба, өйткені, оның арқасында КТ, МРТ, рентген, маммография сынды көптеген радиологиялық зерттелеулерді орталықтандыруға мүмкіндік береді. Бірден бірнеше мәселені шешуге септігін тигізеді. Оның ішінде қатерлі ісік ауруларын ерте кезден анықтауды, радиолог-дәрігерлердің жетіспеушілігін, цифрлы денсаулық сақтау жүйесін дамытуды оңтайландырады. 

«Коронавирус індетінің шарықтау кезінде көптеген адамдар кеудеге КТ түсірілімін орынсыз жасата берген. Жасанды интеллект адамның өкпесін қабынған-қабынбағанын лезде анықтап береді. Егер табылып жатса, оны КТ сараптамасына жолдап, өкпенің қабыну деңгейін анықтайды», – дейді  Ренат Сәрсембаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған