
Атырауда еңбек қорғау саласындағы үздіктер бақ сынауда
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Қазақтелеком» АҚ ұйымдастыруымен Атырауда өндірістік қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың финалы басталды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Алғашқы кезеңге еліміздің барлық аймағынан 90 қатысушы онлайн іріктеу арқылы қатысқан. Қазіргі уақытта финалда 8 қатысушы бақ сынауда. Олар өндірістік нысанды тексеріп, кем-кетіктер мен ықтималдығы жоғары қауіптерді анықтап, соларды жоюға арналған жазбаша нұсқама әзірледі. Жұмыстар толықтық, дәлдік, құжат рәсімдеу сапасы және практикалық сауаттылық бойынша бағаланды.

Финалистер «Мен және еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында өз жобаларын таныстырмақ. Екі күнге жалғасатын дода қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлделі орын иегерлері марапатталады.
