Атырауда екі оқушы университет грантын иеленді
Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантына ие болғандар «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары», — деп хабарлайды Atr.kz Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Дәурен Мәскеуғалиев мен Айбек Мырзатай XVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының математика және информатика пәндері бойынша жүлдегер атанып, Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын жеңіп алды.
Грант иегерлерінің бірі Дәурен Мәскеуғалиевтың айтуынша, пәндік олимпиадаға 9 сыныптан бері қатысып, Халықаралық деңгейге биыл ғана шығып, ұстаздардың үлкен еңбегінің арқасында грант иегері атаныпты.
«Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) «Математикалық және компьютерлік модельдеу», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Автоматтандыру және басқару» білім беру бағдарламалары бойынша грант беріп отыр. Әрине өте қуаныштымын, бірақ бұл ректорлық грант болғандықтан, ҰБТ-дан кейін мемлекеттік грант иегері атануға дайындық үстіндемін»,-дейді жас түлек.
Еске сала кетейік, Атырау облыстық «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты облыстар арасында үздік бестікке енген болатын.