Атырауда екі ай бұрын Жайыққа батып кеткен адамды іздеу қайта жалғасты
16 наурыз күні атыраулық құтқарушылар Жайық өзеніне осыдан 2 ай бұрын мұз астына түсіп кеткен ер адамды іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Еске салайық, биыл 5 қаңтар күні 11:14 сағатта Атырау қаласы, Жұмыскер ауылы маңында Жайық өзенінде мұз ойылып, 2 адамның мұз астына түсіп кеткен болатын.
Сол мезетте Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы құтқарушыларының күшімен және Атырау облысы ПД қызметкерлерімен бірлесіп, 1974 жылғы азамат құтқарылып, облыстық ауруханаға жеткізілген, ал 1975 жылғы азамат мұз астына түсіп кетіп, су асты іздестіру жұмыстары 10 күн бойы жалғасып, еш нәтиже бермеген болатын.
«Ауа райының жылынуына байланысты жоғалған азаматтың туыстарының арызы бойынша іздестіру жұмыстары жалғасуда. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы, 1 бірлік техникасы және 1 жүзу құралы жұмылдырылды», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.