Атырауда деструктивті діни ағымды ұстанушы екі адам есірткі сатып келген
Atr.kz/3 қыркүйек, 2019 жыл. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев хабарлады.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы ісқимылдар туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІV сессиясында баяндама жасаған ол өткен жылы Атырауда деструктивті діни ағымды ұстанушы екі адам заңсыз есірткі заттарын сату дерегі бойынша жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сондай ақ, былтыр есірткіге қатысты 143 құқықбұзушылық тіркеліп, заңсыз айналымнан 60 келі есірткі заттары тәркіленген.
«Көкнәр», «Транзит», «Арна», «Өрмек», «Допинг» жедел алдын алу шараларының нәтижесімен 31 әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылып, 7 млн. теңге айыппұл салынған
Облыс аумағында есірткі бизнесімен заңсыз айналысып келген 4 адамнан құрылған қылмыстық топ және осы жолмен алынған ақшаны заңдастырудың бір фактісі әшкереленді.
Былтыр ғаламтор арқылы есірткі жарнамалайтын 69, биылғы 7 айда 72 сайт анықталып, бұғатталды.
Ал, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмектер ұйымдастыру жұмысын баяндаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла келтірген деректерге сүйенсек, биылғы жеті айда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған – 44, пробация қызметінің есебінде тұрған 243 адамның тізімі жұмыспен қамту органдарына түскен. Жұмыспен қамту орталықтарына 206 азамат хабарласып, әлеуметтік көмек түрлерімен қамтылған.
Бақытжан ЖҰМАТ