Атырауда Денсаулық сақтау ісінің үздігі Әлия Қарасаеваның рухына арнап ескерткіш тақта орнатылды

dsc 0787 scaled Жаңалықтар

      Atr.kz/27 желтоқсан, 2019 жыл.   Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер, Атырау өңірінің белгілі перзенті Әлия Қарасаеваның  дүниеден өткеніне он жыл толуына орай оның есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында облыстық балалар ауруханасында ескерткіш тақта орнатылды.

 Әлия Орынғалиқызы аз ғұмырында ерге лайық еңселі істерімен есте қалды. Аймақта ана мен бала өмірін қорғауда  отыз жыл бойы үздіксіз қызмет жасады. Облыстық денсаулық сақтау саласын басқарған жылдары ерен іскерліктің үлгісін көрсетті. Ендігі уақытта оның  есімін мәңгілендіру мақсатында орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына  өңірдің зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен сала ардагерлері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары  Айгүл Әжіғалиева сөз сөйлеп, өткенге шегініс жасады.

Атырау өңірі талабы мен талантын туған жерінің ғана емес, күллі Қазақ елінің

болашағына арнаған ардақты жандардан кенде емес. Өзі таңдаған мамандығына, қызмет еткен саласына айрықша адалдығымен танылған тұлғаларды әрқашан мақтанышпен айтамыз. Осы орайда  мұндай сый-құрметке лайық Әлия Орынғалиқызы туралы біраз айтуға болады. Оның атқарған игі істері бүгінде жалғасын табуда. Ол  өмірінің 35 жылын медицина саласына арнады. Ол замандастарына өз ісін қалтқысыз сүйіп, адал атқарудың нағыз үлгісі болды. Жиырма жеті жыл бойы облыстық балалар ауруханасында еңбек етті. Он бір осы мекемені басқарып, қаншама баланың дертіне шипалы ем жасады. Ол қызмет еткен жылдары аталмыш аурухана еліміздің ең озық емдеу мекемелерінің қатарынан орын алды. Мұның барлығы оның Гиппократ антыда адалдығын аңғартады және ол жүріп өткен жолдар бүгінгі сала мамандарына айрықша үлгі болады, – деді Айгүл Теміртасқызы.

dsc 0755

            Қашан да озық ойымен, жауапкершілігімен көпке танылған Әлия Қарасаева облыстық денсаулық сақтау саласын да басқарған.  Сол кездері оның бастамасымен Ресей, Израйль елдерінің алдыңғы қатарлы медициналық мекемелерімен байланыс орнады. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу жұмыстары кеңінен жүргізілді. Осынау бірқатар істің ұйытқысы бола білген Әлия Орынғалиқызына арналған ескерткіш тақтаны Атырау қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Төкен Жұмағұлов пен денсаулық сақтау саласының ардагері Мая Тілесова ашты. Жиналған қауым ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, ақ халатты абзал жанның рухына тағзым етті.

            Жиын барысында әріптестері атынан сала ардагері Мейрам Төлешов Әлия Орынғалиқызымен қызмет еткен жылдарынан естеліктер айтса,  қалалық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Әліпқали Бекеш оның сын сағатта жол таба білетін ақыл-парасаты туралы еске алды. Білікті дәрігердің туысқандары атынан әкесі Орынғали Қарасаев «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөздер  аясындағы ойларын ортаға салып, оның рухын ұлығылау мақсатындағы осынау ізгі шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз