Атырауда демеушілер «жедел жәрдем» қызметкерлеріне вирустан қорғану құралдарын сыйлады
Аtr.kz/13 сәуір, 2020 жыл. «Ватернас» мекемесі Атырау қаласының «жедел жәрдем» стансасына вирустан қорғану құралдары – медициналық костюм, маска, қолғап пен көзілдірік сыйлады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Теңіз вахталық ауылында COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған 50-ден астам адам карантиндік стационарда жатыр. Бәріне де жеке қорғаныс құралдары жеткілікті.
– Наурыз айында-ақ біз антисептик, бір реттік ыдыс секілді қажетті құралдарды дайындап қойған едік. Енді соларды тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін күні-түні бір тынбай еңбек етіп, басын қатерге тігіп жүрген «жедел жәрдем» қызметкерлеріне беруге дайынбыз, — дейді демеушілер.
Бұдан бөлек, «Ватернас» басшылығы Береке ықшамауданындағы карантинде жатқан азаматтарды да таза ауыз сумен және электрошәйнектермен қамтымақ.
Теңіз аумағында соңғы тәуліктерде жаңа науқастар тіркелмеді. Тауарлар және қызмет қауіпсіздігі мен сапасын бақылау депаратментінің бірлескен жұмысының арқасында «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен оларға қызмет көрсетуші «Ватернас» мекемесі науқаспен байланыста болғандарды дер кезінде анықтап, аурудың таралып кетуіне жол бермеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ