Атырауда бұралқы иттерді аулау жұмыстары жүргізілуде
15 ақпан күні Кеңөзек ауылдық округінде жасөспірімді ит қабу фактісі орын алды.
Облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Сергей Хванның айтуынша, 8 жастағы бала бірден жан сақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған. Балаға ота жасалды. Қазіргі таңда тиісті ем-шаралары көрсетілуде.
«Бүгінгі күні бұралқы иттер мәселесі өзекті болуына байланысты «Атырау қалалық ветеринариялық стансасы» мекемесімен аулау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде екенін хабарлаймыз. Ол үшін 3 бригада жұмыс жасауда. Қала аумағында ит қабу фактісінің орын алуына байланысты жауапкершілік танытып, өз аулаңыздағы үй жануарына немқұрайлылық танытпай, мұқият қарауларыңыз сұралады», — деп хабарлады Атырау қаласының әкімдігі.
Айта кетейік, жыл басынан бері 1000-нан астам бұралқы ит ауланған. Осы ретте, өз аумағыңызда бұралқы иттердің жүргенін байқасаңыз 109 операторына хабарлап, арнайы мамандарды шақыруға болатынын қаперіңізге береміз.